Жаңалықтар

Баланы құтқарған қарағандылықтар марапатталды

Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Ақылбек Ахметжанов от шарпыған «Кедр» моншасынан баланы алып шыққан жас жігіттерді марапаттады.

«Өртте құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Шерхан Төлеуханов пен Жантөлеу Егінбай “Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін” төсбелгісімен марапатталды. Марапаттарды Қарағанды облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Ақылбек Ахметжанов табыстады. Ол жігіттердің батылдығын атап өтіп, төтенше оқиғаға немқұрайлы қарамағаны үшін алғысын білдірді”, – деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.

«Кедр» монша кешеніндегі өрт 29 мамырда орын алған. Бірнеше минут ішінде кешеннің өзі ғана емес, сонымен қатар, көрші тұрғын үйлердің шаруашылық құрылыстары, жақын маңдағы автомобильдері отқа оранған болатын.

Өрт шыққан кезде ғимаратта болған Шерхан Төлеуханов пен Жантөлеу Егінбай ғимараттың астыңғы қабатынан бала қалып қойғанын байқаған. Баланы дымқыл сүлгімен жауып, өрт сөндірушілер келгенге дейін олар жалын арасынан көшеге шығарып үлгерген.

Өрт сөндірушілер жанып жатқан ғимараттан тағы бес адамды құтқарған болатын.

Басқа материалдар

Back to top button