Баланың мүмкіндігі шектелмейді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында инклюзивті білімге ерекше мән беріп, «Қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет» деген болатын.
Қазіргі таңда Қарағанды облысында ерекше білімге мұқтаж балалар саны – 14 870. Оның ішінде, 2 275 мүгедек бала бар. Бұл әлі де инклюзия сыныбының қажеттігін әрі арнайы оқытатын орталық іздеген ата-ананың көптігін аңғартады.
Оңалту орталықтары оқытуға дайын ба?
Қарағандыда баланың тілін шығарып, сөйлетуге көмектесетін логопедке сұраныс аз емес. Психологиялық дамуы тежелген, тілінде кемістігі бар әрі бүгін жаттағанын ертең ұмытып қалатын балалардың көбеюі – ерекше білімнің айналасындағы мәселенің таусылмағанын аңғартады. Ата-аналар «Ерекше балаларға» арналған мектеп-интернаттардың қатары аз, мамандар тапшы» екенін айтып шағымданады. Церебральды паралич, аутизм, Даун синдромы, психофизикалық дамудың ауыр мүмкіндіктері бар балалардың іс жүзінде мектепке дейінгі тәрбиемен қамту төмен.
Жоғарыда аталған сандық деректің жыл санап артуы көңілге кірбің ұялатады. Сондықтан, облыс мамандары мүмкіндігі шектеулі балалар үшін психо-педагогикалық қолдау көрсетуді білім берудегі ең маңызды міндет деп біледі. Осы орайда инклюзивті білімді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Жол картасы әзірленген. Қазіргі таңда аймақта 55% балабақша, 81% мектеп және 70% колледжде инклюзивті білім беруге жағдай бар.
2025 жылға дейін Балқаш, Қарағанды қаласы, Бұқар жырау ауданында тағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері ашылмақ. Жалпы, бүгінде облыста ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған 10 арнайы мектеп-интернат жұмыс істеп тұр.
– Облыста ерекше балалар үшін 17 арнайы ұйым жұмыс істейді. Өткен жылы Саран қаласында түзету кабинеті ашылды. Тағы осындай кабинетті Қарағандыда ашу жұмысы жүргізілуде. Оқу жылының басында Қарағанды, Саран, Теміртау қаласында арнайы мектеп-интернаттарында ақыл-ойы және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар үшін қосымша 5 сынып ашылды, сондай-ақ, Теміртауда ақыл-ойы бұзылған балалар үшін қосымша 2 топ ашылды, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.
Білім ошақтары оқушылардың тең дәрежеде білім алуын қолдағанмен, бала үшін ерекше білімге, емге қатысты көп мәселе ата-анаға келіп тіреледі.
– Қазіргі таңда елімізде ерекше баланы оңалту және түзету қызметінің құны – 200-350 мың теңге. Сондықтан, біз білім беруден бұрын баланы емдеп алуды ойлаймыз. Өкініштісі сол – ерекше баланың еміне мемлекет тарапынан ұзақмерзімді тегін немесе жеңілдігі бар көмек те қарастырылмаған, – дейді қарағандылық Самал есімді баланың анасы.
Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Оңалту және жаңа технологияларды енгізу бөлімінің меңгерушісі Зәуре Жангелдинованың айтуынша, елімізде аутизмге шалдыққан балалар саны 12 мыңнан асады. Алайда, ерекше балаларды анықтаудың ұйымдасқан жүйесі қалыптаспағандықтан, нақты сан бұдан бірнеше есе көп деген дерек бар.
Ерекше балаға «ерекше көңіл» бөлінген
Мамандардың айтуынша, ерекше қажеттілігі бар білім алушыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Оған қоса арнайы дайындалған педагогикалық құрамның болмауы да осы мәселеге тұздық. Дамуында ауытқуы бар балаларды жалпы мектептерде оқытуға дайын еместігіміз де инклюзивті білімді дамыта алмайтынымызды айқындап отыр. Мемлекет бұл орайда маман дайындауда жоғары педагогикалық білім беру стандарттарын түбегейлі өзгерту қажет. Білім беру ұйымдарында білім алушылар үшін арнайы қондырғылардың және оқу материалының болмауы, сонымен қатар, педагогтер үшін әдістемелік құралдың жеткіліксіздігі – мәселеге тоқталуды талап етеді.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеу үшін мамандар тегін және ақылы негізде Алматы, Астана, Қарағанды қалаларында, сондай-ақ, республикадан тыс жерлерде біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Инклюзивті білім беру бойынша мектеп педагогтерінің жалпы санының 7 818-і тәжірибеден өткен. Оның ішінде, 6 712 педагог инклюзивті тәжірибеге тартылған. Көп мұғалімдер 2022 жылдың мамыр айынан бастап, Е.Бөкетов атындағы зерттеу университеті базасында инклюзивті білім беру бойынша біліктілікті арттыру курстарын бастап, 500-ден астам мектеп педагогтері оқыған. 155 пән мұғалімі «Дефектология» мамандығы бойынша қайта даярлау курстарында қайта оқытылды.
Логопедке сұраныс көп
Қарағандының жалпы білім беретін мектептерінде сабақ беретін мұғалімдердің басым көпшілігі – Е.Бөкетов атындағы зерттеу университетінің түлектері. Оқу орнында инклюзивті білім беру мәселесі 4 бағытта жүруде.
– Бүгінгі таңда логопед мамандығына сұраныс көп. Сондықтан да, болашақта бітірушілеріміздің жүз пайыз жұмыспен қамтылатынына сенімдіміз, – дейді Қарағанды зерттеу университеті оқытушылары.
Білім басқармасының дерегінше, 2023 жылы ерекше балаларға, оның ішінде, зағип балаларға арналған Брайль шрифтімен бейімделген және 10-11 сыныптар үшін нашар көретін білім алушыларға арналған ірілендірілген шрифтпен оқулықтар алыныпты. Оған қоса, өткен жазда алғаш рет ерекше білім беру қажеттіліктері бар 360 баланың жазғы демалысы арнайы мектеп-интернаттар базасындағы лагерьлерде өткені белгілі.
Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 607 педагог пен 60 ата-ана аутизм спектрі бұзылған балалармен жұмыс істеу үшін мінез-құлықты талдау әдістемесіне оқытылған. Биыл арнайы мектеп білім беру ұйымдарын қолдау және материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша жүйелі көмек көрсету мақсатында 9 арнайы мектеп-интернат «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік Қорының «Арнайы мектеп білім беру ұйымдарын жарақтандыру» бағдарламасына енгізілді.
Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау мен ерте түзетудің қолжетімдігін көбейту – білім беру жүйесіндегі маңызды міндет.
Есеп берулерде барлық білім ордаларында пандустар орнатылып, инклюзивті мектептерде логопед, дефектолог, психолог және әдіскер мамандардың жұмысы жанданып келеді дегенімізбен, күн өткен сайын аутизмге шалдыққан балалардың да саны артып келеді. Оларды емдеуге алғысы келмейтін мекемелер де баршылық. Дертке шалдыққан балаларды қоғамға бейімдеуде инклюзивті білімнің пайдасы орасан екендігінен хабарсыз ата-аналар да бар…
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz