Балалардың әлеуметтік желілерді қолдануына шектеу енгізілмек
Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салуды көздейтін заң жобасы әзірленді. Құжатты Мәдениет және ақпарат министрлігі дайындаған. Қазіргі таңда бастама қоғамдық талқылауға шығарылды деп хабарлайды Ortalyq.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Заң жобасына сәйкес, 16 жасқа толмаған балалар әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда аккаунт аша алмайды. Бірақ бұл талап мессенджерлерге қолданылмайды.
Министрлік нақты платформалар тізімін жарияламағанымен, шектеу барлық әлеуметтік желілерге қатысты болатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, TikTok, Instagram, Facebook, Threads, X және VK секілді платформаларға әсер етуі мүмкін.
Ал, WhatsApp пен Telegram сияқты мессенджерлер, сондай-ақ Roblox пен Minecraft секілді онлайн ойындар әлеуметтік желілер санатына жатпайды және бұл шектеуге кірмейді.
Құжатта пайдаланушылардың жасын тексерудің нақты тетіктері әзірге көрсетілмеген. Министрлік бұл бағытта халықаралық тәжірибені, соның ішінде Австралия үлгісін зерттеп жатқанын хабарлады. Жасқа байланысты верификация талаптары кейінірек нақтылануы мүмкін.
Бастаманың негізгі мақсаты – балаларды зиянды контенттен, интернеттегі буллинг пен алаяқтықтан қорғау, сондай-ақ олардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қазіргі уақытта заң жобасы қоғамдық талқылау кезеңінде. Талқылау 29 желтоқсанға дейін жалғасады. Құжат қабылданған жағдайда Парламент қарауына енгізіледі.
Жамал АКПАРОВА



