Жаңалықтар

Балалардың 40 пайызында аккаунт бар

«Цифрлық аутизм» термині соңғы он жылда ата-аналар мен педагогтер арасында жиі қолданылуда. Бұл ресми медициналық диагноз емес, алайда, адамның цифр­лық технологияларды тым көп қолдануы салдарынан әлеуметтік қарым-қатынаста, назар аудару қабілетінде және эмоционалдық реакцияларда байқалатын мінез-құлық өзгерістерін сипаттайтын ұғым.

Сурет ЖИ

Ашық дереккөздерде бұл термин 2013 жылы пайда болды. Алғаш рет румын психологы Мариус Теадор Замфир қолданған. Атауы «аутизмге ұқсас» деген мағынаны білдіреді, бірақ бұл аутизм спектрінің бұзылғандығымен бірдей емес. Ресми медицинада «цифрлық аутизм» диагнозы жоқ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, 2 жасқа дейінгі балаларға экран алдында уақыт өткізуге болмайды, ал, 2-5 жас аралығында 1 сағаттан аспауы тиіс. Десек те, ата-аналар баланы тыныштандыру үшін смартфонды жиі береді. Салдарынан, бала ата-анасымен немесе құрдастарымен қарым-қатынас жасау дағдыларын дұрыс дамытпайды. Смартфонда көрген әлемнен өзге шынайы әлемді қабылдау мүмкіндігінен айырылады. Стэнфорд университетінің зерттеуінше, әлеуметтік желілерді шамадан тыс қолданатын жастардың 68%-ы «жалғыздық» сезімін сезінетінін айтқан. Жастардың виртуалды байланыс, қарым-қатынас іздеуі де осыдан. 

Балалар өте ерте жасынан телефон тәуелді болып өсіп келе жатқандықтан YouTube, Instagram, TikTok платформаларында балаларға арналған контент те көбейді. Балалар мен жасөспірімдер бұл платформаларды күнделікті қолданады. Ал танымал контент-мейкерлер миллиардтаған қаралым жинап, тренд қалыптастырып отыр.

Mediascope зерттеуіне сүйенсек, балалардың 79%-ы YouTube-ты негізгі «видео­сервис» ретінде қолданады. Балалар қатысатын бейнежазбалар басқа контентке қарағанда үш есе көп қаралым жинайды. Ең танымал балалар арналары:

Cocomelon – Nursery Rhymes – 180 млн+ жазылушы, 190 млрд+ қаралым.
Like Nastya – 120 млн+ жазылушы, 105 млрд+ қаралым.
ChuChu TV – 61 млн+ жазылушы, 40 млрд+ қаралым.
Яғни, мультфильмдер, әндер, ойыншықтарға шолу және балалардың өмірін көрсететін видеолар YouTube-та нағыз трендке айналған. TikTok қолданушыларының 75%-ын 13-24 жас аралығындағы жастар құрайды. Ал, 4-5 жастағы балалар TikTok-та күніне орта есеппен 75 минут уақыт өткізеді. 2024 жылы TikTok Қазақстанда қауымдастық ережелерін бұзған 6,5 млн-нан астам контентті өшірген. (Цифрлық аутизм: жаңа заман дерті ме? – Түркітілдес журналистер қоры)

«Мектеп қабырғасында білім алып жатқан балалардың оқу үлгерімі төмендеп, қоғаммен байланыс жасауы да қиындап бара жатыр. Қоңырауда бір-бірімен сөйлесіп, серігудің орнына бір бұрышта телефонмен отыратын балалар көп. Оқушы балалардың 40 пайызының өз аккаунты бар. Осындайдың салдарынан балалар аулаға шығып ойнамайды, бұған онлайн оқу қосылды. Қарым-қатынас жайлы сауалнамалар жүргізгенде сыныпта отырған 30 баланың 18-19-ы бос уақытын жалғыз, телефонмен өткізгенін қалайтынын жазған», – дейді мектеп психологы Салтанат Абдрасилова.

Қазіргі таңда гаджеттерсіз өмір сүру мүмкін емес болып барады. Жас балалардың бос уақыты аулада ойнап емес, үйде телефонға телміріп өтуде. Ата-аналардың көбісі білмейтін, білсе де, мән бермейтін, бірақ цифрлық аутизмнің алдын алуға болатын да шаралар бар. Мысалы, ұялы телефонның параметрлерінде «ата-ана бақылауы» функциясын қосу арқылы баланың экран алдында өткізетін уақытын, көретін контентін шектеуге болады.

Цифрлық аутизмнің алдын алу әр адамның, әр ата-ананың өз қолында. Ерте диагностикалау, тиісті терапиялар, әлеуметтік дағдыларды дамыту, цифрлық құрылғылармен дұрыс жұмыс істеу дағдыларын үйрету маңызды қадамдар. Ата-аналар мен мұғалімдер осы мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады. Гаджеттерді саналы түрде қолдану жəне шынайы өмірмен байланыс орнату – балалардың болашағы үшін маңызды қадам.

Айша ҒАНИ

Басқа материалдар

Back to top button