Балалар вакцинациясы: күдік һәм сенім
Қазақстанға Pfizer вакцинасы келісімен, КВИ-ге қарсы екпе алуға ниетті балалардың алдыңғы легі ата-анасының рұқсатымен қазірден-ақ вакцина алып жатыр. Дегенмен, екпе салуға келісім бермей, баласының денсаулығы үшін алаңдаймыз деген ата-аналар да бар.
БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ – МІНДЕТ
Вирустың мутацияға ұшырауы салдарынан балалар арасында ауыру дерегі көбейді. Бұған, әрине, мемлекет бейжай қарай алмайды. Сол себепті 12 жастан асқан балаларға вакцина салу жөнінде жазда айтылған болатын.
– Дельта штамының таралуына, вирустың үнемі мутациялануына байланысты қазір балалар жиі ауыра бастады. Қазір біздің алдымызда тұрған міндет – ересектерді ғана емес, балаларды да қорғау. Әрине, балаларды вакцинациялау ата-аналардың рұқсатымен ғана жүргізіледі, – деді Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова.
2021 жылғы 20 қазанда Қазақстанның Бас санитарлық дәрігерінің бекіткен қаулысына сәйкес 12 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерге Pfizer Comirnaty препаратымен вакциналау жүргізілетіні айтылды. Қоғамда дау болған вакцинаны балаларға салынады дегенде ересектер, әсіресе, ата-аналар жағы алаңдай бастады.
10 қараша күні Pfizer компаниясының Comirnaty (Pfizer) вакцинасының 4 млн. 230 мың дозасы әкелінгені белгілі. Бұл 2 млн. 115 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді. Елімізге 379 мың доза көлемінде бірінші партиясы жеткізілді. Қазақстанда 12 мен 18 жас аралығында 2 миллион жасөспірім бар екен.
– Жасөспірімдерге вакцина мектептердің егу кабинеттерімен қатар медициналық ұйымдарда ата-аналарының немесе олардың заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен ғана салынады. Вакцинация бірінші дозаны алғаннан кейін 21-ден 28 күнге дейінгі аралықпен екі рет жүргізіледі. Әлемдік тәжірибеге сәйкес балаларды вакциналау әлемнің 30-дан астам елінде жүргізілуде, оның ішінде, 15 елде балаларды вакциналау үшін Pfizer препараты пайдаланылады, – деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарманның айтуынша, 2000-нан астам балаға жүргізілген клиникалық зерттеулер Pfizer вакцинасының қауіпсіз әрі тиімді екенін көрсеткен.
ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ЖЕЛДЕЙ ЕСІП ТҰР
Вакцинаның қауіпсіздігі жөнінде дәлел жеткілікті. Біз олардың барлығына тоқталмай-ақ қоялық. Дегенмен, кейбір ата-аналар балаларына вакцина салуды қауіпті санайды.
Әлеуметтік желіде Нұр-Сұлтан қаласындағы №58 мектепте ата-аналардың қарсылығына қарамастан балаларға жасырын екпе жасалып жатқаны туралы бейнежазба тарап еді. Жазбаға сәйкес, оқушылардың біріне дәретханада вакцина салыныпты және түскі ауысым кезінде екпе салғаннан баланың жағдайы нашарлады деген сыбыс шықты ел арасында. Бірақ, бұл сыбыс нақтыланбады. Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы оқушыға дәретханада екпе салынбағанын және түскі ауысым кезінде жағдайы нашарлаған балаға алғашқы медициналық көмек көрсетілгені туралы хабарлаған еді. Сол бейнежазбаны түсірген дәрігер Айна Бакееваны жалған ақпарат таратқаны үшін 10 тәулікке қамауға алу туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты үкім шығарды.
Бейнежазбадан Covid-19 шыққалы бері қарапайым халықтың ақ халаттыларға деген сеніміне селкеу түскенін тағы бір мәрте байқаймыз. Халық әр нәрседен күдіктеніп, секем ала бастады. Осы бейнежазба қоғамдық резонанс туғызды. Осындай ақпараттардың дұрыс-бұрысына көз жеткізбей, өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай қылып көрсететін әлеуметтік желінің әлегіне түскендер вакцина туралы теріс пікірдің жетегінде кетеді де, қанша жерден вакцина алудың артықшылықтары түсіндіріліп жатса да, көзіне ілмейді. Тек «теріс» ақпараттарға ғана сенетіндері де бар.
Сондай-ақ, осы жылдың 6 қыркүйегінде ата-аналарға балаларына диаскин-тест жасау және тұмауға қарсы егу туралы бланк толтыртып, вакцина салу жөнінде келісім беруге мәжбүрлеуде деген ақпарат жылт еткен еді. Бұл да жалған болып шықты. Осы мәселе жөнінде Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері жауап берген болатын:
«Диаскин-тест – бұл адамның туберкулезбен ауыратындығын анықтайтын тест. Ол барлық балаларға бірдей жасалмайды. Оны Манту сынамасы оң нәтиже берген мектеп оқушыларына ғана жасайды. Мұндай тест мектептерде емес, туберкулез диспансерлерінде және ата-аналардың келісімімен ғана жасалады. Тұмауға қарсы вакцинация да мектепте жүргізілмейді. Оның үстіне бүгінгі күні бір уақытта тұмаудан да, КВИ-ден де қорғайтын поливакциналар жоқ», – деп мәлімдеген еді ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Осы сияқты жазбалар желіде қаптап жүр. Сол себепті, билік өкілдері шынайы ақпаратты көпшілікке жедел жеткізіп, уақытында хабарлағаны әбден дұрыс. Сол кезде ғана жалған ақпараттар легі толастап, жұрт сабасына түседі.
Десек те, бауыр еті баласы үшін уайымдамайтын ата-ана кемде-кем. Сондықтан, желіде желдей ескен ақпараттың анық-қанығына бармай жатып, сеніп қалатын оларды түсінгендей де боласың. Дегенмен, екпе алу жөнінде әр нәрсеге көз жеткізіп барып, медицина мамандарының көмегіне жүгінген дұрыс.
Ата-аналарға сұрау салғанымызда олардың көбісі балаларына вакцина салдыруға қорқатынын жеткізді. Себебі, екпе салған соң ауырып қала ма деп уайымдайтынын айтты. Әрине, түсінікті жайт. Дегенмен, вакцина салғанда ғана вирустың беті қайтатынын ұмытпау қажет.
ВИРУСҚА ҚАРСЫ ҚОРҒАН
Вакцинаның вирусқа қарсы қорған болатынын түсінгендер алдымен өзінен бастап, кейін балаларына да салғызып жатыр. Балалар вакцинациясы 15 қарашада басталды. Медициналық мекемелерге, вакцина салатын арнайы бөлімшелерге өз еркімен келген оқушылардың алғашқы легі екпе алды. Жалпы білім беретін мектептер енді қолға ала бастады.
– Вакцина алуға ата-анасының келісімі бар балалар ғана шақырылады. Қазіргі уақытта барлық санитарлық талаптарға сәйкес білім беру ұйымдарында егілгендерді медициналық бақылау үшін егу кабинеттерін дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.
Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназияның директоры Қымбат Оспанова мектепте балалар мен олардың ата-аналарына вакцина жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
– Біздің мектепте вакцина алуға болатын 200-ге тарта бала бар. Сенбіде өткен жиналыста біз осы тақырып төңірегінде ой қозғадық. Балалар мен олардың ата-аналарына жақын арада шыққан қаулы бойынша ақпараттар таныстырылды. Бұл жиынға қалалық санитарлық-эпидемиологиялық дәрігер арнайы шақыртылды. Дәрігер ата-аналарға вакцинаның қажеттілігі мен оның пайдасы, артықшылықтары туралы түсіндірді. Сол себепті, жиын соңында ата-аналар тарапынан ешқандай сұрақ болмады. Біздің мектепте қазір ақпарат беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ата-аналардың рұқсатымен екпе салдыратын оқушылардың тізімі енді жасалады. Олардың вакцинаны емханадан немесе мектептің өзінен алатындығы алдағы уақыттарда хабарланады, – деді мектеп директоры.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша облыста 12-17 жас аралығындағы 199 313 жасөспірім бар. Олардың қаншасы вакцина салдыратыны туралы тізім алдағы уақытта белгілі болады. Ал, қазірден өз қалауымен ата-анасымен бірге медициналық мекемелерге барып, Covid-19-ға қарсы екпе алып жатқан оқушылардың бар екенін айта аламыз.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.