Жаңалықтар

Қарағандыда 3 450 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жалпы қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру мәселесін мемлекеттің басым бағыттарының бірі ретінде белгіледі. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында үнемі балалардың әл-ауқаты мен олардың қорғалуын баса айтып келеді.

Cehtn maqat-tynysy.kz

Балалар амандығы – болашақ амандығы

Президент тапсырмасын орындау аясында Қарағанды облысында да кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында кешенді іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр.

Жергілікті полиция қызметі ұсынған ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылдың басынан бері өңірде балалардың қауіпсіздігі мен құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған 7 ірі республикалық және облыстық деңгейдегі жедел-алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылған. Олардың қатарында «Жастар және заң», «Түнгі қаладағы балалар», «Каникул», «Мектептердегі балалар қауіпсіздігі», «Жасөспірім» және басқа да нау­қандар бар.

Сонымен қатар, 200-ден астам рейдтік тексерулер жүргізілгенін атап өткен жөн. Бұл білім беру ұйымдарының әкімшіліктерімен, жергілікті атқарушы органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен (ҮЕҰ) және еріктілермен бірлесіп өткізілуде.

Жас буынның құқықтық санасын қалыптастыру – келешек қоғамның қауіпсіздігіне инвестиция. Осы мақсатта оқу орындарының әкімшіліктерімен бірлесіп, жыл басынан бері 5000-нан астам құқықтық дәріс пен тәрбиелік әңгіме өткізілді. Бұл сабақтарда оқушылар заң алдындағы жауапкершілік, өз құқықтары мен міндеттері туралы нақты әрі түсінікті ақпарат алады.

Бұдан бөлек, әр тоқсан сайын мектеп және колледж оқушыларына арналған танымдық экскурсиялар өтеді. 2025 жылдың сегіз айында 37 экскурсия өткізіліп, онда 3500-ден астам бала қамтылды. Оқушылар полиция бөлімшелерінің, кинологиялық қызметтің және арнайы бөлімдердің жұмысымен таныса отырып, құқық қорғау саласының ерекшеліктерін көзбен көрді.

Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында оларды пайдалы әрі салауатты ортаға тарту – негізгі тетіктердің бірі. Осы мақсатта мереке және демалыс кездерінде Ішкі істер министрлігіне қарасты «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы және облыстық полиция департаментінің спорттық-массалық жұмыстар басқармасымен (ҰСМЖБ) бірлесіп 6 спорттық іс-шара ұйымдас­тырылған.
Футбол, шахмат, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика сынды спорт түрлері бойынша өткен жарыстарда оқушылар өзара жарысып, медаль, кубок және мақтау қағазымен марапатталды. Бұл олардың бос уақытын тиімді өткізіп, саламатты өмір салтын ұстануға, тәртіпке баулуға ықпал етеді.

Жолдағы қауіпсіздік қырағылықты қажет етеді

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда, Қарағанды қаласында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кең көлемді «Назар аударыңдар – балалар!» республикалық акциясы бастау алды.

25 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында өткізілетін бұл акцияның басты мақсаты – балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, оларды көлік қозғалысы ережелеріне баулу, жолда өзін дұрыс ұстауға үйрету және ата-аналар мен жүргізушілердің назарын балалардың жолдағы қауіпсіздігіне аудару.

Қарағанды қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Мұхамеджанов:

«Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан да, оларға сапалы білім мен тәрбие бере отырып, қауіпсіз орта қалыптастыру – аса маңызды. Біз олардың мектепке және үйлеріне аман-есен жетуі үшін барлық қолайлы жағдайды жасауға бар күш-жігерімізді саламыз. Қауіпсіз әрі құқығы қорғалған қоғамда ғана даму, ілгерілеу болады», – дейді.

Айта кетерлігі, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жол қозғалысын ұйымдастырумен де тығыз байланысты. Осы орайда қала әкімдігі, білім бөлімі және жергілікті полиция қызметі бірлесіп, мектеп маңындағы жол инфрақұрылымын тексеріп шықты. Тексеру нәтижесінде бірқатар кемшілік анықталып, оларды жою бойынша шұғыл шаралар қабылданды.

Бүгінде осыған дейін реттелмеген жаяу жүргінші өткелдері енді бағдаршаммен жабдықталып жатыр. Бұл жұмыстар №3 гимназия, №21, №78, №103 мектептердің маңында жүзеге асырылып, тағы бірнеше мектеп аумақтарында жалғасуда. Сонымен қатар, оқушы тасымалдайтын автобустардың техникалық жағдайы да бақылауға алынған.

Алдын алған абзал

Профилактикалық жұмыстардың маңызды бөлігі – ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру. Жыл басынан бері баланы тәрбиелеу міндетін орындамағаны үшін 948 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз көшеде немесе көңіл көтеру орындарында жүруіне жол бергені үшін 3450 ата-анаға қатысты да әкімшілік шара қолданылды.

Құқық қорғау органдарының айтуынша, басты назарда есепте тұрған жасөспірімдер, соның ішінде, девиантты мінез-құлық көрсететін жеткіншектер тұр. Олармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізілуде.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолда ғана емес, қоғамның барлық саласында маңызды. Осы тұрғыда Қарағанды қаласында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ерекше форматтағы шара «Құқықтық мәдениет жәрмеңкесі» өткізілді.

Облыс және қала әкімдігінің қолдауымен, полиция қызметкерлері тұрғындарды «Таир» сауда үйінде қоғамдық қабылдау форматында қарсы алды. Жәрмеңкеге келген әр азаматқа полиция өкілдерінен құқықтық мәселелер бойынша кеңес алып, өз құқықтары мен міндеттері туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.

Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қаиров іс-шара нәтижесіне оң баға беріп, тұрғындардың белсенділігін де атап өтті.

– Азаматтардың белсенділігі мен құқықтық мәселелерге деген қызығушылығы бізді қуантады. Мұндай жәрмеңкелер полиция мен халық арасындағы сенімді нығайтып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға нақты ықпал етеді. Президентіміздің құқықтық сананы көтеру туралы тапсырмасына сәйкес, осындай шаралар ел көлемінде жүйелі түрде өткізілуі тиіс, – деді ол.

Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету полиция мен мемлекеттік органдардың міндеті ғана емес. Бұл – ата-ана, ұстаз және баланың өзара үйлесімді әрекетіне сүйенетін қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button