Руханият

Балалар қиялындағы Қарағанды

Облыстық бейнелеу өнері музейінде кенді шаһардың 90 жылдығына орай «Қарағанды – менің жүрегімде» атты көрме өтті. Көрмеге №4 арнайы мектеп-интернаты оқушылары салған суреттер мен жасаған ғимараттардың макеті қойылды.

Суреттер: облыс әкімдігінің сайтынан

Көрмеге 90-нан астам жұмыс қойылды. Қаланың ажарын ашып тұрған көрнекі ғимараттар мен шаһардың бойтұмарына айналған ескерткіштердің макеті көрермен назарына ұсынылды. Көрме салтанатты түрде ашылды. Ән шырқалды, би биленді.

– Экспозицияда әртүрлі техникада орындалған жаңа жұмыстар ғана емес, бұрын қойылған жұмыстар да бар. Бұл – бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер, соның ішінде пластиктен жасалған жұмыстар және басқалары да бар. Облыстық мешіттің макеті де ұсынылды. Мұндай жобалар балалардың ойлау қабілетін дамытады. Осындай шаралар оқушыларға қазіргі әлемге бейімделуге, өмірде өз орнын табуға мүмкіндік беретін әлеуметтік дағдыларды сіңіреді, – деп есептейді №4 арнайы мектеп-интернатының директоры Гүлнар Қырғызбаева.

Облыстық мешіттің макеті былтыр жасалған екен. Мұның бәрі «Тәуелсіздік жылдарында салынған Қарағанды ғимараттары» жобасы аясында жүзеге асқан.

– Мешіттің макеті – 6 және 8 сыныптардың бірлескен жұмысы. Біз ПВХ, қағаз, өздігінен жабысатын тұсқағаз, картон, желім қолдандық. Мен ғимараттың алдыңғы бөлігін, есіктер мен мұнараларды жасадым. Менің ойымша, ойлағанымыз жүзеге асты, – дейді 8-сынып оқушысы Аружан Жұмашева.

9-сынып оқушысы Лучета Лисихай Станиславский театрына қарама-қарсы орналасқан «қобыз» мүсіндік композициясын салыпты.

– Мұнда менің бір жұмысым – қобыз қойылды. Мен бұл аспапты жақсы көремін және сурет салғанды өте ұнатамын. Мен қарындаштар мен бояуларды жаңа идеялар пайда болған кезде ғана қолға аламын, – деп бөлісті Лучета Лисихай.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button