«Балаларға берейікші жер шарын…»
Биыл Қазақстанда алғаш рет Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Қазақстан балалары» ұлттық науқаны өтуде. Бұл идея Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында балалар жайлы атап өткенінен бастау алды.
«Біз азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартып, балаларымызға кемел келешекті құрудың негізін қалап жатырмыз», – деді Қасым- Жомарт Тоқаев.
Президент балаларға қамқорлық көрсету – бұл ортақ жауапкершілік әрі мемлекеттік саясаттың басты басымдығы екенін атады. Осыған орай бұл бастама – балалар мәселесіне ерекше көңіл бөліп, балалардың қауіпсіз ортада өсіп-жетілуіне жағдай жасауды көздейді. Сондай-ақ, қоғамның назарын бала құқығы мен балалық шақтағы өзекті мәселелерге аударуға бағытталған.

Былтыр «Ұлттық қор – балаларға» жобасы жүзеге асты. Нәтижесінде Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық балаға үлестірілді. Ұлттық қордың қаражатын жас отандастарымызды қолдау мақсатында пайдалану – еліміздің орнықты дамуына бағытталған стратегиялық шешім. Аталған бастама болашаққа зор сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Ал, Оқу-ағарту министрлігі биыл балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтуды 95%-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап, жұмысты бастап кетті.
Мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын балалардың ата-аналарына әдістемелік қолдау көрсету мақсатында, балалардың отбасылық жағдайда тәрбие алуы, дамуы және күтімі мәселелері бойынша кеңес беру пункті санын 4 245-ке дейін арттыру жоспарланған. Мемлекеттік 260 балабақшада қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, құрал-жабдықтар жаңартылады. 500 мың бала қазақ тілін терең оқыту бойынша «Тілге бойлау» пилоттық жобасына қатысады. 2025 жылы еліміздің барлық өңірінде «Қаражатты баланың соңынан ілестіру» қағидаты бойынша мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдарын ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
Биыл наурыз айынан «Келешек» білім беру жүйесі іске қосылғанын айта кеткен жөн. Баланың жоғары біліміне қаржы жинауға бағытталған бағдарламада мемлекет 5 жасқа дейінгі балаларға ашылған есепшотқа бастапқы білім капиталын аударады. Оның көлемі – 60 АЕК, ал ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға 120 АЕК көлемінде ақша аударады. 2025 жылы 60 АЕК – 235,9 мың теңгеге тең, 120 АЕК 471,8 мың теңгені құрайды.
Жыл сайын дүниеге келген сәбилерге жағымды жәрдемақы төленеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы қаңтарда республикалық бюджеттен барлығы 6 млрд. теңге сомаға 33,7 мың адам жәрдемақы алды. Бұл жәрдемақыға бала туған, асырап алған, сондай-ақ қамқорлыққа алған балалары бар еліміздің азаматтары, қандастар, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер де үміткер бола алды.
Жоғарыда атап өткендей елімізде балаларға бағытталған жобалар сәтті жүзеге асуда. Қалай десек те, өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету – мемлекеттік саясаттағы басымдыққа ие бағыттардың бірі. Бүгінгі таңда еліміздегі отбасылар баланың дүниеге келген сәтінен бастап, оның ержеткеніне дейін мемлекеттің қолдауына сенімді бола алады.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»