Бас тақырып

«Балаларға берейікші жер шарын!»

Назым Хикметтің Жұмекен ақын аударған өлеңінің осы бір жолында балаға деген барша адамзаттың пейілі тұр.

Өміріңді қызық пен қуанышқа бөлейтін балалардың әр күні мереке болса дейсің. Тек ерекше көңіл күйде өтетін балалар мерекесінде ғана емес, балалар үшін дүниенің бәрі тегін болса деген де тілек бар… Алайда, дүрбелеңге толы дүниедегі көптеген келеңсіз оқиғалардың бел ортасында жазықсыз, бейкүнә сәбилер жапа шегуде. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деді.

Суретте: «Шаңырақ» бөбекжайының бүлдіршіндері

Бала – болашақ. Балаларымызды қалай тәрбиелесек, болашағымыз солай болмақ. Бүгінде еліміз әрбір баланың тең құқықтарын қамтамасыз етудегі жаһандық міндеттемелерге жауапкершілікпен қарайды. Оған қоса, Президент тапсырмасына сәйкес ұлттық мониторинг – Балалардың әл-ауқаты индексі енгізілген. Баланың мүддесі жолында атқарылып жатқан игі істер аз емес…

Қазақстан дүние жүзіндегі балалардың өмірін өзгертуде шешуші рөл атқаратын әлем тарихында ең көп ел қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенцияға (БҚК) қол қойған. Осы орайда соңғы үш онжылдықта елімізде бес жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітім бес есе, ал, жаңа туған нәрестелер арасындағы өлім-жітім үш жарым есе төмендеді. Қазақстанның әрбір өңіріне бала құқықтары жөніндегі уәкілдер тағайындалғалы баланың құқығы мен мүддесінің бұзылуы да азайды.

2023 жылы елімізде Әлеуметтік кодекс қабылданып, мемлекеттік жәрдемақылар мен бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі ұзартылды.

Ал, биыл «Ұлттық қор – балаларға» жобасы жүзесе асты. Нәтижесінде Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық балаға үлестірілді.

БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілінің міндетін атқарушы Летисия Баззи-Вейл атап кеткендей, «Өткенге көз жүгіртсек, Қазақстан 30 жыл ішінде балалардың құқықтарын қорғауда елеулі жетістіктерге жетті деп нық сеніммен айтуға болады. 1992 жылы Қазақстан ЮНИСЕФ жағдайды зерттеу үшін көпсалалы миссия жіберген алғашқы ел атанды. Сол жылы ЮНИСЕФ балаларға арналған қажетті дәрі-дәрмектер және вакциналар беріп, көмек көрсетті. Отыз жыл бойы ЮНИСЕФ Қазақстанда жұмыс істеп, әрбір баланың аман-саулығын қорғап, ілгері бастырумен, үкімет пен азаматтық қоғамға қажетті көмек көрсетумен айналысып келеді.

30 жылдық мерейтой – жеткен жетістіктерді атап өтудің тамаша мүмкіндігі, сонымен қатар, жаңа сын-қатерлер мен басымдықтарды анықтаудың да амалы болып табылады. Олардың ішінде: серіктестерді және балалардың құқықтарын жүзеге асыру мақсаттарын біріктіретін балалардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ұлттық стратегиясын әзірлеу және іске асыру, сондай-ақ, балалардың құқықтарына мониторинг жүргізудің кешенді жүйесін дамыту. Мұның бәрі Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) сай балалардың құқықтарын қорғаудағы ілгерілеуді жеделдетуге көмектеседі».

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанованың айтуынша, 30 жыл ішінде еліміз балаларды қорғау мен олардың әл-ауқатын қамтамасыз етуде елеулі жұмыс атқарған.

Еліміздің барлық стратегиялық құжаттарында басты игілік алушылар – балалар болғандықтан, әлем елдері балалардың әл- ауқатын бағалап, арнайы әдістемелер әзірлейді. Қазақстан бұл істен шет қалған жоқ.

Аяулым СОВЕТ,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button