Балаларға базарлық
Отбасы күнін мерекелеу аясында Абай ауданына қарасты Топар кентінде балалар ойын алаңының ашылу салтанаты өтті. Бұл игі шара – ауыл балалары үшін қуанышты жаңалық болды.
Бүлдіршіндердің сыңғырлаған дауысы алыстан естіліп, алаңда асыр салды. Бұл күні іс-шара ұйымдастырушылары ауланы безендіріп, тұрғындар назарын тәнті етті. Бұл жиынға еңбек ардагерлері, кент тұрғындары мен мектеп оқушылары қатысты. Игі бастаманың жүзеге асырылуымен аудан әкімінің орынбасары Әсем Жүніспекова құттықтап, жұртшылыққа жылы лебізін білдірді.
– Құрметті Топар кентінің тұрғындары! Сіздерді балалар алаңының ашылуымен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Бүгін біздің балаларымыз үлкен қуанышқа кенеліп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Рухани баюдың бір кепілі – балаларға көңіл бөліп, жастарды патриоттылыққа тәрбиелеу» деп көрсетілген болатын. Бала біздің болашағымыз деп үнемі жастарымызға назар аударып келеміз. Елімізде мемлекеттік дамыту бағдарламасы аясында игілікті істің бастамасы, яғни, кентімізде балалар ойын алаңының ашылуына куә болып отырмыз. Бұл ойын алаңы Отбасы күнін мерекелеуге орай халық игілігіне беріліп отыр. Енді мұнда ата-аналар балаларын ойнатып, әрі өздері де демалып қайтатын болады, – деді Әсем Жүніспекова.
Қуанышқа ортақтасып келген ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Валентина Ахметова өз тілегін жеткізді. Балалар ойын алаңы бүлдіршіндер үшін үлкен қуаныш екенін айтып, осындай жарқын сәттердің көп болуын тіледі. Сол сияқты, көп балалы ата-ана, үлгілі отбасы Абай Бекей және Хамаар Хатап Мемлекет басшысына, облыс және аудан басшысына ризашылықтарын білдіріп, өздерінің жүрекжарды тілектерін жекізді.
Көңілдің гүлі, көздің нұры саналатын балаларға қуаныш сыйлап, олардың білім алып, дене және рухани дамуы үшін лайықты жағдай жасау мақсатында барынша жағдай жасалуда.
Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.