Балабақшалардың барлығы қазақша болса…
Газетіміздің 29 қазан күнгі санында «Мектептегі мемлекеттік тіл: Мұғалімдер не дейді?» атты мақала жарияланған еді. Оны оқыған астаналық азамат Владислав Тен тіл үйрету жайлы ойын редакцияға жолдапты. Владислав Өзбекстанда туған кәріс азаматы. Осыдан біраз жыл бұрын өзгелерге үйретемін деген мақсатпен қазақ тілін үйренуді бастаған. Қазір өзі ашқан Тіл үйрету орталығының жұмысы қарқынды жүріп жатыр.
Өзім алты жыл бұрын қазақ тілін өзгелерге үйретемін деген мақсатпен үйреніп алдым. Сол кезде «Қазақстанда тұратын орыс тілділерге (олардың ішінде қазақтар да бар) қазақ тілін үйренудің несі қиын?» деген мәселе төңірегінде көп ойландым. Қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына жатады, ал орыс тілі славян тобында. Бір-біріне ұқсамайды, сөз тәртібі мүлде басқаша. Сол себепті қазақ тілін үйренгенде ең маңызды сөз жаттау емес, грамматика. Мәселен, орыс тілінде қазақ тіліндегідей етістіктің түрі көп емес. Қазақ тілін білмейтіндерге етістіктердің ерекшелігін дұрыстап түсіндірсе, қазақ тілін үйрену оңайырақ болады. Біздің елде адамдар қазақша түсінбеген соң, сөйлемейді, соның салдарынан тілдік орта қалыптаспайды. Неге ТМД-дағы кәрістер кәрісше білмейді. Себебі, тілдік орта жоқ, орыс тілді қазақтарда да осы мәселе бар. Біз оларға тілді академиялық тұрғыдан түсіндіріп, көмектесуіміз керек.
Қазақша аздап білетін адам тіл үйрену орталығына бармайды. Адамдармен араласа жүріп сөйлеп кетеді. Ал, бізге келетіндер мүлде түсінбейтіндер. Ірі қалаларда әке-шешесі қазақша жақсы білетін балалардың өзі қазақша сөйлемейді. Ата-анасы қазақша сұрақ қойса, бала орыс тілінде жауап береді. Себебі, тілдік орта орысша. Ал, кейбір қазақ тілін білмейтін ата-аналар, балам қазақша үйренсін деп, қазақ балабақшасына жіберсе, ондағы тәрбиешілер де, балалар да орыс тілінде сөйлейді. Сөйтіп орыс тіліндегі орта өз-өзінен қалыптасады.
Қазақ тілді ортаның қалыптасуына кедергі болатын тағы бір нәрсе, орысша сөйлейтін қазақтар «біз қазақпыз ғой, қазақша қатесіз сөйлеуіміз керек» деп өздеріне қатаң талап қояды. Ал, мен қате сөйлесем де, акцентпен сөйлесем де, қазақша сөйлей бердім, сол себепті де үйреніп алдым. Біздің қоғам қазақша сөйлегісі келген әрбір адамға күлмей, кінәламай, қолдап, көмектесуі қажет.
Мәселен, мектептердің барлығында қазақ тілі секілді ағылшын тілі оқытылады, оның да нәтижесі аз. Бірақ, оқушылар ағылшынша жақсырақ біледі. Себебі, балалар ең көп көретін интернет тілі – ағылшынша. Ата-ана да баласымен өз ана тілінде сөйлеспейді, өйткені күні бойы жұмыста. Балаларымыз интернетте ұзақ отыратын болғасын, ағылшын мен орыс тіліне тез бейімделеді. Бара-бара ағылшынша, орысша сөйлегенге еті үйреніп, қазақ тілін қажет етпей кетеді. Балалардың жазығы жоқ, орта қай тілде сөйлесе сол тілді жақсы біліп шығады
Ал, мектепке келсек, мектепте қазақ тілін оқыту жүйесін өзгерту керек. Ең жақсысы Қазақстандағы балабақшаның барлығы қазақ тілінде болғаны жөн, тәрбиешілердің барлығына балалармен қазақша сөйлесу керек деп талап қою керек. Бұл – менің жеке пікірім. Әрине, ол үшін тәрбиешілерді ынталандырған дұрыс болады.
Владислав ТЕН,
полиглот, тіл үйрету орталығының жетекшісі.