Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толуына орай балабақшалар арасында қалалық «Жігіт сұлтаны – 2023» байқауы өтті. Сайысқа өнерімен тамсандырған, бірінен-бірі озатын балдырғандар қатысты.
Үш бөлімнен тұратын сайыстың көркін қыздырып, көрерменнің көңілінен шығу үшін жас өрендер бар өнерін ортаға салып, түрлі сынақтардан өтті. Байқаудың «Таныстыру», «Өз өнерін көрсету», «Спорттық ойын түрлерін көрсету» кезеңінде қатысушылар өздерін жан-жақты таныта білді.
Өзге жігіттерден дараланып, барлық кезеңнен үздік шыққан «Жігіт сұлтаны – 2023» байқауының I дәрежелі дипломы Бексұлтан Мұқатайға табысталды. Ал, II орынды Арыстанбек Бахыт, III орынды Айтөре Қаранай иеленді. Сонымен қатар, Тамерлан Игембек, Мансұр Әубәкіров, Заңғар Қайрат арнайы Алғыс хатпен марапатталды.
Шараны қорытындылаған ұйымдастырушылар қазақ халқы ертеден ер бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, оларды болаттай берік, бір-біріне серік етіп тәрбиелегенін тілге тиек етті.
– Өскелең ұрпақтың бойындағы ерік-жігерді, батырлықты паш ету мақсатында Балқаш қаласының мәдени-сауық орталығы жігіт сұлтанын ұйымдастырып отыр. Халқымыздың салт-дәстүрін, жөн-жоралғысын балғындардың бойына сіңіру, намысты ұлдарды батырлыққа, тапқырлыққа тәрбиелеу – мәдениет ошақтарының басты мақсатының бірі. Сондықтан, осындай игі шараны қолға алдық, – дейді Балқаш қаласының мәдени-сауық орталығы маманы Жанбота Әміртай.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz