Жаңалықтар

Балабақша лицензиясының талаптары жоғары болмайды – министр

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының сапасын арттыруға кешенді түрде қарау керек екенін айтты. 

«Лицензия беру – мектепке дейінгі білім сапасын қамтамасыз етудің маңызды құралы болғанымен жалғыз тетігі емес. Біз педагогтердің біліктілігін арттыру, жан басына қаржыландыруды дамыту, бағдарламаларды жетілдіру және басқа да жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта елімізде мектеп, колледж, жоғары оқу орындары деңгейі бойынша лицензия беру бар. Мысалы, соңғы үш жылда жекеменшік мектептердің саны бірнеше есе өсті. Ол нені білдіреді? Ол лицензия берудің жекеменшік мектептер ашу үшін ешқандай да кедергісі жоқ екенін және талапты орындауға болатынын білдіреді. Сондықтан біз дәл осы тәртіпті енді балабақшаларға қайтадан енгізіп жатырмыз. Балабақшалардың құрылтайшылары мен иелеріне дүрлігіп, қорқудың қажеті жоқ. Себебі еліміздегі барлық балабақша бір күнде немесе бір айда лицензия беру тәртібіне өтеді деп айтып жатқан жоқпыз. Бірінші кезекте жаңадан ашылып жатқан жекеменшік, мемлекеттік балабақшалар лицензия алады. Келесі кезеңде тәуекелі көп ұйымдарға лицензия беру жұмысы жүргізіледі», – деді Асхат Аймағамбетов. 

Министр балабақшалар бірлестіктерінің басым көпшілігі лицензия беру жүйесін қайта енгізуді қолдап отырғанын айтты. Себебі сапасыз балабақшалар мен балаларды ұрып-соғу фактілерін ешкім жоққа шығара алмайды. Балабақша құрылтайшылары балалардың мүддесін бірінші орынға қойып, барынша ашық, әділ және барлығына бірдей мүмкіндік болғанын дұрыс деп санап отыр.  

«Лицензия талаптары жоғары болмайды. Егер балабақша осы минималды талаптарға сәйкес келетін болса, онда қиындықсыз, өте қысқа мерзімде, электронды форматта лицензия алады. Сондықтан бұл айтарлықтай үлкен мәселе туғызбайды. Біздің мүддеміз балаларды сапалы балабақшамен қамту», – деді Оқу-ағарту министрі.

Басқа материалдар

Back to top button