Білім

Балабақша көбейеді

Республика бойынша алғашқы «Sabidamu виртуалды балабақшасы» онлайн-платформасы өңірде іске қосылады. Бұл ата-аналарға балаларын ерте дамытуға көмектесетін сапалы әдістемелік материалдарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Сурет: www.lada.kz

Онлайн-платформада баласы балабақшаға бармайтын ата-аналарға арналған бейне, аудио, ертегілер, тесттер, түрлі тапсырмалар мен материалдар топтасады. Веб-нұсқа мен мобильді қосымша әзірленуде.

– Жүйе балалардың жасына сәйкес әртүрлі контент әзірлейді. Балабақшаларда жинақталған тәжірибені онлайн форматқа аударамыз. Сондай-ақ, біз логопедтердің, психологтардың жұмысын автоматтандыр­ғымыз келеді. Ата-аналар сұрақтар қоя алады, – деді SabiDamu платформасын әзірлеумен айналысатын «Өрлеу» компаниясының басшысы Фарида Ақшолақова.

Қарағанды облысында 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі артып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда биыл 82,6%-дан 84%-ға дейін өсті. Биыл 1 107 орын ашылды. Өңірдегі 404 мектепке дейінгі ұйымға 35 мыңнан астам бала барып жүр.

– Мектепке дейінгі орындарды қамтамасыз ету көп жағдайда жеке инвестицияларды тарту есебінен шешіледі. Жаңа орындардың 72%-ы жеке ұйымдарда ашылды. Қажеттілікті қамтамасыз ету үшін үлгілік мемлекеттік балабақшалар салу қажет, – деді білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

Басқарма басшысы Қарағандыда алты жекеменшік, бір мемлекеттік балабақша салынатынын айтты. Сонымен бірге, мемлекеттік балабақша Приозерск қаласында да бой көтеретін болады. Теміртау қаласындағы бұрынғы денсаулық сақтау бөлімінің ғимаратында 200 орындық балабақша ашу үшін оны білім басқармасының балансына беру рәсімдері жүріп жатқанын жеткізді.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button