Бас тақырыпМәселе

Балабақша балаға бас-көз бола ала ма?

Балабақшаға аманатталған балалардың қара суықта дала кезіп жүрген, я болмаса «апайынан» жапа шеккен бейнежазбалары әлеуметтік желіде қызу талқыға түсуде. Мұның соңы – еліміздегі балабақшаларға жаппай тексеріс жүргізу керегін әйгілейді. Әйткенмен, көптің көкейінде балабақшаға деген сенім бар ма? Саны көбейген мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының сапасына көңіл тола ма?

 

САН ЕМЕС, САПА МАҢЫЗДЫ

Дерек бойынша, елімізде ұзын саны 10 мың балабақша бар екен. Білім беру сапасын қамтамасыз ету комитетінің айтуынша, оларды тексеруге кемінде 5 жыл кетеді. «Бір өңірдегі балабақшаны аттестаттаудан өткізгенше, басқа бір өңірде ондағы балалардың жасы мектеп жасына келіп қалады» дейді. Желтоқсан айының басында Білім және ғылым министрлігі балабақшалардың шамамен 80%-ы білім беру қызметіне қойылатын талаптарға сәйкес келмей, мемлекеттік аттестаттаудан өтпегенін хабарлаған еді. Қазір балабақшалардың саны көп болғанымен, сапасы көңіл көншітпейді. Сол себепті, Министрлік мемлекеттік тапсырысты жекеменшік балабақшаларда орналастыруға, тәрбиешілердің біліктілігіне және қауіпсіздік мәселесіне қойылатын талаптардың күшейтілетінін айтты.

Облыстық білім басқармасының басшысы Г.Қожахметованың хабарлауынша, өңірде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етілген. Өз сөзінде 2025 жылға қарай мектепке дейінгі жастағы барлық балаларды 100% балабақшамен қамту міндеті тұрғанын атап өтті. Биылдан бастап Президенттің бастамасымен балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 25%-ға өсті. Бұл тәрбиешілерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Педагогтер жалақысын көтерудің басты мақсаты – білім сапасын жақсарту болса, әрбір игі бастаманың соңы нәтижелі болып, оң әсерін береді деген сенімдеміз.

ЖҰМЫСТАН ҚУЫЛҒАН ТӘРБИЕШІ

Балабақшаларда оқтын-оқтын көрініс табатын оқиғалар ешкімді де бейжай қалдырмайды. Балабақша – мектепке дейінгі алғашқы баспалдақ. Оның негізгі міндеттерінің бірі – баланы мектепке даярлау, оқыту, оқу үрдісіне тарту. Баланың мектептегі болашағы балабақшадағы тәрбиешілердің дайындау деңгейіне байланысты. Ал, көп өңірдегі балабақшалар тәрбиешілердің өзіне келгенде ақсайды. Бұлай деуге әлеуметтік желідегі бейнежазбалар себеп. Қазақстан жекеменшік балабақшалар қауымдастығының мүшесі Баян Ахатай күнкөріс қамы үшін келген тәрбиеші мамандығына сай емес қызметкерлердің де бар екенін айтады.

Кейде балабақшаға ешқандай дайындықсыз келетін тәрбие көмекшілері де болуы мүмкін. Оларды дайындайтын арнайы курс ұйымдастыру керек. Сол жағын қолға алу қажет, – деп пікір білдіреді. Шындығында, көп жағдай тәрбиеші көмекшілеріне келіп тіреледі. Мәселен, әлеуметтік желіде 2021 жылдың қараша айында Қарағандыдағы балабақшалардың бірінде бүлдіршінді сүйреген тәрбиешінің бейнежазбасы тарап еді. Оқиғаға қатысты қызметтік тергеу жүргізілген соң, балабақша директоры «ол – тәрбиеші емес, тәрбиешінің көмекшісі» деп, оның жұмыстан шығарылғанын хабарлады. Тек бұл ғана емес, әлеуметтік желі арқылы балабақшадағы неше түрлі сұмдықтарды құлақ естіп, көз көріп жүр. Мұндай жайттар ата-аналар тарапынан алаңдаушылық туғызады. Мәселен, ата-ана Аягүл Бақытқожа:

Бұйырса, балам 2 жасқа толған соң, балабақшаға беріп, жұмысқа тұрғым келеді. Бірақ, қатты уайымдаймын. Бір Аллаға сеніп, амал жоқ, апарамыз. Өйткені, немересін бағатын ата-әжесі ауылда. Барлық балабақшаға бейнебақылау орнатса жақсы болушы еді. Тағы бір айтарым – тәрбиешілерді жұмысқа аларда тексерістен өткізсе екен», – дейді.

Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Арнайы оқу орнын бітірген мамандар қашанда өз ісіне мығым болары анық. Осы жөнінде тағы бір ата-ана Жанайым Айболатова:

«Баламен жұмыс жасау қиын, бірақ бұл біреудің баласына психикалық зақым келтірсін деген сөз емес қой. Оны сөзбен тыңдата алуы керек және тәрбиешінің мысы болуы керек. Олардың мамандықтары да әр баланың тілін табу емес пе?» деген пікір айтады.

«МҰНДАЙ ҚАТЫГЕЗДІК БАЛАҒА ҚАЙДАН КЕЛГЕН?»

Балабақшаға келген бала өзіне жақын-жуығынан бөлек, жаңа ортамен танысады. Олардың бастысы ретінде әлеуметтік дамуы үшін жасалатын жағдайларды атауға болады. Мысалы, өзге балалармен емін-еркін араласуы, олармен топтана жұмыс істеуі, ынтымақтасу, татулыққа икемділігі, белгілі бір ережелерге бағына білуі, өзара әрекеттесу нормаларын сақтауы және т.б. Бір сөзбен айтқанда, балабақша баланы ересектік кезеңге дайындайды.

Ал, ол дайындыққа тәрбиешінің үлес-салмағы орасан. Баланы тәрбиелеумен ғана емес, оның оқу дағдыларын қалыптастырумен де айналысады. Кейбір жағдайда ата-аналар бала тәрбиесіне жауапкершілікті тәрбиешілерге артып жатады. Олар тәрбиешілер балаға білім мен икемділік дағдыларын үйрете алады және оларға жақсырақ түсіндіре алады деген оймен баласын топқа қосады. Әрине, бұл дұрыс. Себебі, тәрбиешілер де арнайы машықтанған маман. Балалармен қарым-қатынас жасау барысында олармен тіл табысу тәжірибесі мол, әрі «балалық» сұрақтарға да беретін жауаптары дайын болмақ.

Дегенмен, баланың тәрбиесі тек тәрбиешілерге емес, ата-аналарға да қатысты. Естеріңізде болса, тағы бір балабақшадағы бейнежазба елді шулатып еді ғой. Онда балалар арасындағы төбелес орын алған. Бір баланың екінші баланы аяусыз тепкенін көріп, «мұндай қатыгездік балаға қайдан келген?» деген ой сумаң ете қалады. Сонымен қоса, «тәрбиеші неге бас-көз болмаған?» деп өзгелер кінә артуы да мүмкін. Алайда, мұндай оқиға ата-ананың да тәрбиесі маңызды екенін айғақтайды.

P.S: Балаға қаталдық керек шығар, бірақ қатыгездік емес. Бала – ата-ананың аманаты. Ал, аманатқа қиянат жасауға болмайды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button