АбайАймақ

Балабақша – бақыт ордасы

Жақында Абай қаласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 550 орындық балабақша салынды. Аудан орталығындағы балабақшаны қала жастары асыға күткен болатын. Аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК мектепке дейінгі мекемені аралау барысында жаңа балабақшалардың құрылысы – маңызды жұмыстың негізгі басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтіп, кәсіпкерлерге табыс тілеген. Жақында балабақша өз жұмысын бастады.

«Әдемі бөбекжай-балабақшасы» бұрынғы политехникалық колледж ғимаратында орналасқан. Мектепке дейінгі балалар үшін барлық жағдай жасалған бөбекжайда санитарлық талаптар сақталған. Ғимаратта өрт талаптарына сай қауіпсіздік талаптары да қатаң. Балабақшада балаларға дұрыс тәрбие беру мен оларды оқытуға арналған материалдық база да мықты. Бүгінгі таңда заманауи мектепке дейінгі мекеменің үлгісі болып табылатын балабақшаның ашылуы жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді. Жаңа мекемеде 100-ден астам қызметкер жұмыс істейді.

Қазіргі таңда балаларды қабылдау жүргізіліп, тәлім берілуде. Меңгерушілер мен тәрбиешілер балалар үшін жарқын және жайлы ойын бөлмелерін, спорт кабинеттерін дайындап қойған. Жеке заттарын қоюға арналған жиһаздар да балабақшаға әдемілік сыйлап тұр. Әр бөлмеде тазалық және жайлылық сақталған. Бүлдіршіндер үшін барлық талапты ескеріп, жайлылық талаптарын «Әдемі бөбекжай балабақшасы» ЖШС басшысы Ербол Қарнақбаев іске асыруда.

– Мектепке дейінгі мекемеде 100ден астам жұмыс орны ашылады. Бұл орайда біз Абай қаласының жұмыссыз азаматтарын жұмысқа алудамыз. Осылайша, тиісті білімі бар қызметкерлерді жаңа бағдарламалар бойынша оқытуды жүзеге асырамыз. Өйткені, қалада мектепке дейінгі білім беру саласында жұмыс іздейтін мамандар көп. Болашақта дамыту үйірмелерін, спорт секцияларын, қосымша сабақтар ашу жоспарлануда. Балабақшада барлық санитарлық нормалар сақталған.

Біздің алдымызда атқаратын қаншама жұмыс бар. Іргелес аумақты абаттандыру, қоршау жасау, балалар алаңын орнату бойынша да жұмыстар жүргізілуде, – дейді Ербол Қамбарбекұлы.

Басшының айтуынша, жоба бойынша жекеменшік балабақшаны құруға 120 млн. теңге жұмсалған.

Айта кетейік, ұйымдастырушылар балабақшаны ашу мақсатында бұрынғы политехникалық колледж ғимаратында жөндеу жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта барлық жұмыстар толығымен атқарылды. Бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Нелли Хабибрахманова қызметкерлерді жұмысқа алу бойынша қарқынды жұмыс жүргізуде. Жұмыс аясында indigo24.kz сайты құрылып, онда балаларды тіркеу жүргізіледі.

Ұжым қызметкерлерінің айтуынша, балабақшаға жазылғысы келетіндер көп. Қызмет үшін төлем бекітілген, олар тариф бойынша жүзеге асырылады.

Бүгінгі таңда «Әдемі бөбекжай-балабақшасы» ЖШС басшылығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне көңіл бөле отырып, қайырымдылық акцияларын жиі өткізеді. Осы уақытқа дейін аудан әкімі Бауыржан Асановпен бірге 70 мүмкіндігі шектеулі балаға сыйлықтар табысталып, 30 аз қамтылған отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді. Акцияны ұйымдастыруға Абай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі атсалысты.

Болашақ ұрпақты тәрбиелеу балабақшадан басталады. Өйткені, бала үшін сыртқы әлем қашан да жұмбақ. Оған бағдар беруге, әлеуметтік табысты болуға көмектесу – басты міндет. Осы орайда жас ұрпақтың игілігі үшін ілкімді жұмыстар атқарып жүрген «Әдемі бөбекжай-балабақшасы» ЖШС басшылығының жұмысы көп кәсіпкерге үлгі.

Аяулым СОВЕТ.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button