Жаңалықтар

Балабақшаға кезек азайды

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизміне сай электронды кезекті дамыту арқылы Қарағандыда балабақшаға тұру кезегі азайды. Ата-аналар да баласы үшін алаңдамай, мектепке дейінгі мекемені қоғамдық немесе жеке, үйдің, жұмыстың жанынан таңдау мүмкіндігіне ие болды. Сөйтіп, МЖӘ (мемлекеттік-жекеменшік әріптестік) дамуы арқасында балабақшалардағы орын жетіспеушілігі шешілді.

Алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыстарды жеке мектептерге орналастыру мақсатында, Қарағанды мектептері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігінің шеңберінде жеке меншікке ауыстырылмақ. Осыны негізге алған жергілікті билік кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізуді бастады.

Жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл жөнінде қалалық әкімдікте дербес білім беру ұйымдары басшылары және кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен өткен жиында қала әкімінің орынбасары Ирина Любарская мәлім етті.

Жан басына қаржыландыру – әрбір оқушыға мемлекеттік бюджет қаражатын мектепке аударуды білдіреді. Бүгінгі таңда осы жүйемен Қазақстанда бес мектеп қаржыландырылады. Дегенмен, 2020 жылы барлық қалалық мемлекеттік мектептер қаржыландырудың осы түріне ауысады.

 – Біз – жан басына қаржыландыру мақсатында, мемлекеттік тапсырыстарды жеке мектептерге орналастыруды қарастырамыз. Қарағандыда осындай бес мектеп бар. Қазіргі таңда мектепті қысқа мерзімде салуға болмайтынын жақсы түсінеміз. Бірақ, жеке мектептерге айнала алатын бизнес орталықтары немесе стандартты ғимараттар, сондай-ақ, шағын және орта бизнес субъектілері бар, – деді қала әкімінің орынбасары И. Любарская.

Қала әкімінің орынбасары жақында қаланың оңтүстік-шығысында орналасқан «Дарынды бала3» жекеменшік балабақшасының қызметімен танысқанын тілге тиек етті.

– «Дарынды бала-3» балабақшасына 250 бала келеді. Оқыту психология ғылымдарының докторы Айжан Изакованың авторлық бағдарламасына сәйкес жүргізіледі. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігінің шеңберінде бұл мекемеге алғаш рет инклюзивтік білім беру бағдарламасы енгізілді. Жеке балабақша ерекше қажеттіліктері бар балаларды қабылдайды. Жергілікті бюджет есебінен әрбір балаға мемлекеттік тапсырыс бойынша 56 мың теңге бөлінеді. Тұрақты қарапайым топтардағыдан екі есе көп,– деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.

 Сондай-ақ, жиында жалпы білім беру және орта білім беру секторының бастығы Наталья Головина балабақшаларға электронды кезекті енгізу жөнінде айтты.

– Барлық балабақшалар мен бос орындар толығымен жүйеде ұсынылған. Ата-аналар оны компьютер немесе ұялы телефон арқылы қолдана алады. Балабақшалардың фотосуреттері, сипаттамасы бар. Жүйе бір орнында тұрып қалмайды. Оған күн сайын жаңа өзгерістер енгізілуде. Оны құрушылар ата-аналар үшін, алдымен не істеу керек, қандай жайттарға назар аудару қажеттігін жан-жақты түсіндіріп жазған, – деді Н. Головина.

Жалпы білім беру және орта білім беру секторы басшысының айтуынша, электрондық кезек жүйесіне 7200-ден астам адам тіркелген. Бұрын ата-аналар мемлекеттік балабақшадағы орынның босатылуын күткен, бірақ қазір бұл қажеттілік жоғалды. Ата-аналар қоғамдық немесе жеке, үй жағдайына немесе жұмысына қолайлы жағдайларды таңдай алады. Жыл соңына дейін тағы 2 мың орынға мемлекеттік тапсырысты орналастырудың мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ, жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру үшін ай сайын конкурс өткізіледі. Осылайша, мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі мекемелердегі шығындар теңестірілді. Ата-аналар 11 мың теңге төлейді, бюджетке өтемақы – 26 мың теңгені құрайды. Қазір қала балабақшаларында 1500-ден астам бос орындар бар. Ал, кезекте 1380 бала тұр.

Сонымен қатар, мемлекеттік балабақшаларда қазіргі уақытта екі жасқа толған балалардың саны көбейіп келеді екен.

Жыл соңына дейін тағы 2 мың баланы орналастыруға мемлекеттік тапсырысқа қаражат бар көрінеді. Осы орайда биыл Пришахтинскінің 23-шағын ауданында 280 орынға шақталған балабақша ашылады. Жаңа балақшаның ашылуы – бүлдіршіндерді балабақшамен жүз пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button