Балағым шаң, сүрініп-қабынып келемін
Қаланың басқа жерін қайдам, күнде тазалап, жып-жылмағай қылып қояды делінген орталық көшелерін жаяу аралай қояйын десең, кешке үйге өкініп жетесің. Олай етпегенде ше, аяқ киімің өз алдына, басыңнан бақайшағыңа дейін қонып қалған шаңнан арылуға біраз күш жұмсап, жаздың күндері күнде жуылатын автокөлік жолдарына қызыға әрі қызғана қарайсың. Түңілгеннен не пайда, ертеңіне сол күйді қайтадан бастан кешіп, «үш күннен кейін көрге де үйренесің» демекші, тіпті, жаяу жүргіншілер жүретін жолдағы шаңды байқаудан қалып, бұрқырата жөнелесің. Бірақ, жазды айтып не қыламыз, жаяу жүргіншілер қыста да қарық болып па еді?! Қарағандының толассыз соғатын боранында тазаланбаған қардан қатқаққа айналатын жолда талайы тайып жығылып, жазатайым жағдайға ұшырады да емес пе? Бірақ, «баяғы жартас – сол жартас».
Жалпы, Қарағандыдағы қалаішілік жолдардың тазалығына жауап беретін бірнеше кәсіпорын бар. Мәселен, Қазыбек би ауданына «Тазалық Эксперт» ЖШС, Майқұдық бөлігіне – «Қаржолсервис» ЖШС жауап берсе, Пришахтинск – Rowan ЖШС, Сұрыптау елді мекені «ЖолСтройГрупп» ЖШС еншісінде. Басқаларын қайдам, «атың шықпаса, жер өрте» демекші, кейінгі екі жылда қар қалың түсіп, аты шыққан «Тазалық Эксперт» ЖШС дәл осы қала орталығындағы көшелердің тазалығына жауапты. Жаздың күндері автокөлік жолдарына шағым жоқ, оның үстіне, жаяу жүріп, шаң жұтпағаннан кейін басқасына басын ауыртпасы анық. Дегенмен, қала тұрғындары жаяу жүргіншілер жүретін жолда жүру мүмкін емесін айтып шағымдануда.
Айзат МҰРАТОВА, қала тұрғыны:
– Нұркен Әбдіров даңғылында тұрғаныма бірнеше жыл. Қалай десек те жас ұлғайған сайын адамға қозғалыс керек-ақ. Қарағандының қысы қатты, сондықтан, жаз шыға баратын жеріме жаяу барып-келгенді дұрыс санаймын. Бірақ, өкініштісі, қалада жаяу жүргіншілерге арналған жолдың ешкімге керек еместігінде. Қолқаны қапқан шаңды бұрқыратып жүруге тура келеді. Бұл аллергиясы барлар үшін, тіпті қиын. Шаң демекші, «Тазалық Эксперт» ЖШС өкілі автокөлік жолдарындағы шаң басылуы үшін жолдарды күнде жуып өтетідерін айтады. Ал, кейіннен сол автокөлік жолдарының жиегіндегі тротуарлар, яғни, жаяу жүргіншілерге арналған жалғыз аяқ жолды екі аптада бір рет жуып өтеді. Бірақ, су шашатын машина жүріп өткенде, сәйкесінше, құм мен қиыршық тас, сол жолдың үстінде қала береді. Ал, сол құмның бәрін тротуарды жинағандар жолдың жиегіндегі көгалға лақтырып кете барады. Қазыбек би ауданы әкімінің абаттандыру мәселелері бойынша орынбасары Мақсұт Қожанов та осындай жағдайдың орын алғанын жоққа шығармайды. Оның айтуынша, бұған кінәлі – жұмысына жауапсыз қарайтын жұмыскерлер.
– Жаяу жүргіншілер жолын тазалайтындардың арасында жұмысын дұрыс атқармай, яғни, жаяу жүргіншілер жолындағы құмды, тіпті, қоқысты да көгалға тастағандар болды. Ол қала тазалығына жауап беретін кәсіпорындардың емес, белгілі бір адамдардың жауапсыздығынан болды. Бірақ, жағдайға бейжай қарамай, айыппұл салдық. Енді ондай жағдай қайталанбайды деген сенімдеміз, – дейді Мақсұт Жолдыбайұлы.
Жалпы, тазалық демекші, қазір халықтың өзі де көшеде қоқыс шашпауға үйренген. Оның үстіне, көшелер, саябақтар, скверлер тәрізді ортақ пайдалану орындарын ластағаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес, елімізде 14 000 теңгеден 30 000 теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Ал, айыппұлдан кейін де тәубесіне келмегендер 58 000 теңгеге қалтасынан қағылады немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады. Сондықтан, кімнің болсын артық ақшасы да, қамауға алынуға да құштар емесі анық. Ал, қала көшелерінің көрер көзге ғана емес, тұрғындар үшін де ыңғайлы болғаны дұрыс-ақ. Әйтпесе, дамып кеткен заманда қала көшелерінде шаңды бұрқыратып жүре беру жараспайтын қылық.
Салтанат ІЛИЯШ.