Бала тәрбиесі – басты міндет
Отбасы күніне орай Приозерск қаласының ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен жоғары сынып оқушылары арасында «Отбасының жемісі – тәрбиелі ұлы мен қызы» атты конференция өтті.
Шараның басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды сақтап қалу, отбасы мүшелерінің қарым-қатынасындағы кедергілерді жою, яғни, гаджеттер мен телефонға тәуелділігін бәсеңдету.
Конференцияға Приозерск қаласы орталық мешітінің бас имамы Дәуіт Қожахметов, Приозерск қаласы полиция бөлімі бастығы Ерлан Садыбеков және полиция бөлімі бастығының орынбасары Алмас Дүйсекенов, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезең жеңімпаздары Омаровтар отбасынан Жарас Қармысқызы және Қоныспаевтар отбасынан Шарапат Талапбайұлы қатысып, балаларға отбасы құндылықтары, өзара сыйластығы жөнінде ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Приозерск қаласының бас имамы Дәуіт Қожахметов үйге жұмыстың бар ауыртпашылығын арқалап бармау үшін аптасына бір рет әр мекемеде отбасы сағатын өткізу туралы ұсынысын айтты. Сондай-ақ, Приозерск қаласы полиция бөлімі бастығы Ерлан Садыбеков ата-аналардың және де өзге ересектердің балаларға зорлық-зомбылық және қатігездік көрсету, оларды ауызша агрессияға тартуы, кәмелетке толмағандарға жыныстық, эмоционалды және физиологиялық зорлық-зомбылық көрсету проблемалары жайлы баяндама жасады.
Омаровтар отбасының мүшесі Жарас Қармысқызы бүгінгі баланың гаджетке тәуелділігінің басты себептеріне тоқталды. Оның айтуынша, мұның астарында отбасындағы жылулықтың тапшылығы, педагогикалық назардан тыс қалу, баланың бос уақытын ұйымдастырмау, еңбекке араласуды ынталандырмау сынды мәселелер жатыр. Бұдан бөлек, конференция барысында баланың эмоционалдық тұрақсыздығы, жеткіншектердің суицидке бару себептері секілді мәселелер де қызу талқыға түсті.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ПРИОЗЕРСК