Бас тақырып

Бала неге өмірден баз кешеді?

Қарағанды облысында балалар қылмысы 19,5 пайызға азайды. Алайда, дәл осы кезеңде балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид 34,4 пайызға өсті. Бұл екі түрлі статистика бір ғана шындықты аңғартады: балалар қауіпсіздігі мәселесін тек қылмыс көрсеткішімен өлшеу жеткіліксіз. Статистика осылай сөйлегенмен, балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелер толық шешілді деу әлі ерте. Құрғақ сандардың сыртында назардан тыс қалған тағдырлар мен қорғансыздық жатыр.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Балаларға қатысты қылмыстар қоғамның әлеуметтік, құқықтық және психологиялық ахуалын айқындайды. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мемлекет үшін де, қоғам үшін де басым бағыт болып қала береді. Өңірде жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың нәтижесі бар. Дегенмен, мәселенің күрделілігі мен көпқырлылығы әлі де алаңдататыны рас.

Полиция департаментінің мәліметінше, 2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша өңірде жүргізілген кешенді алдын алу шараларының нәтижесінде жасөспірімдер жасаған қылмыстар 1 пайызға, ал, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 19,5 пайызға төмендеген. Бұл қабылданған профилактикалық шаралардың тиімділігін көрсетеді. Дегенмен, мамандар статистиканың өзі мәселенің толық шешілгенін білдірмейтінін алға тартады.

Облыста балалар мен жасөспірімдерге қатысты қылмыстардың ішінде ұрлық пен тонау деректері жиі тіркеледі. Құқық қорғау органдары мұндай қылмыстардың басым бөлігі көшелер мен қоғамдық орындарда орын алатынын айтады. Бұған жасөспірімдердің бос уақытын бақылаусыз өткізуі, кешкі және түнгі уақытта ата-аналық бақылаудың әлсіреуі әсер етеді.

Жасөспірімдер кей жағдайда жеңіл әрі жылдам жолмен ақша табуға ұмтылып, қылмыстық ортаға тартылып жатады. Бұл олардың құқықтық жауапкершілікті толық сезінбеуімен, өмірлік тәжірибесінің аздығымен және сыртқы әлеуметтік ықпалға бейімділігімен байланысты.

Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқарма мамандарының дерегінше, қазіргі таңда балалар үшін ең осал бағыт – психоэмоционалдық қауіпсіздік. Қазіргі балалар тікелей физикалық қауіптен гөрі, жалғыздық, қысым, күйзеліс, өзін қажетсіз сезіну сияқты ішкі күйзелістерге жиі тап болады. Бұл мектептегі буллинг арқылы отбасында ересектердің баланың ішкі жан дүниесіне жеткілікті көңіл бөлмеуінен немесе цифрлық кеңістіктегі бақылаусыз ықпалдар салдарынан көрініс табады.

Балаларға төнетін қауіптердің бірі – интернет пен әлеуметтік желілердің әсері. ЮНИСЕФ деректеріне сәйкес, Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің 66 пайызы интернетті әлеуметтік желілерде қарым-қатынас жасау үшін пайдаланады. Ал, 21 пайызы кибербуллингке тап болғанын, 20 пайызы әлеуметтік желілерде бейтаныс адамдарды дос ретінде қосқанын мойындаған.

Сонымен қатар, өңірде киберқылмыс, буллинг және бопсалау бойынша 1 дерек тіркелген. Аталған факт бойынша Бұқар жырау ауданында баланың заңды өкілі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл дерек интернет кеңістігіндегі қауіптердің әлі де өзекті екенін және балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмысты күшейту қажеттігін көрсетеді.

– Өңірде балалар қылмысының алдын алу бағытында мектептермен бірлескен профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Оқушылармен дәрістер, түсіндіру әңгімелері және интерактивті кездесулер ұйымдастырылып, онда құқықтық жауапкершілік, буллинг пен кибербуллинг, интернет қауіпсіздігі, суицидтің алдын алу, есірткі мен алкогольдің зияны секілді өзекті тақырыптар қамтылады. «Жасөспірім», «Қауіпсіз мектеп», «Түнгі қаладағы балалар» атты кешенді алдын алу іс-шаралары тұрақты түрде өткізіледі. Қауіп тобындағы балалармен жеке жұмыс та басты назарда.

Әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан және профилактикалық есепте тұрған 23 мыңнан астам оқушы тұрақты патронажбен қамтылған. Бұл бағытта мектептер, полиция және әлеуметтік қызметтер бірлесіп жұмыс жүргізеді, – деді Қарағанды облысының ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бөлім бастығы Әсел Омарова.

Балалар мен отбасыларға нақты көмек көрсету мақсатында республика бойынша 112 Отбасын қолдау орталығы құрылған. Қарағанды облысында 10 орталық жұмыс істейді. Бұл орталықтарда заңнамалық, психологиялық, әлеуметтік және білім беру бағыттары бойынша кеңес беру қызметтері көрсетіліп, отбасылық қатынастарды нығайтуға және жанжал деңгейін төмендетуге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылады.

2025 жылы Отбасын қолдау орталықтары арқылы 6 277 түрлі қызмет көрсетілген. Сонымен қатар, орталықтардың мобильді қосымшасы арқылы 1 455 кеңес беріліп, 620 іс (дабыл) мемлекеттік органдарға жолданған. Бұл отбасылармен жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

– Ата-аналармен жүргізілетін профилактикалық жұмыс та өз тиімділігін көрсетуде. 2025 жылы балалар тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындаудан жалтарған ата-аналары бар қолайсыз отбасылар саны екі есеге жуық азайған. Бұл білім беру ұйымдарының, әлеуметтік қызметтердің, мобильді топтардың және Отбасын қолдау орталықтарының бірлескен жұмысының нәтижесі.
Сонымен қатар, алаңдатарлық көрсеткіштер де бар. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид жағдайлары 34,4 пайызға өсіп, 22 жағдайдан 30 жағдайға дейін артқан. Суицид – бір сәттік әрекет емес, ұзақ уақыт бойы жиналған психологиялық қысымның, жалғыздық пен түсінбеушіліктің салдары, – деді Қарағанды облысы бойынша Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Ирина Киселева.

Осыған байланысты өңірде суицидтің алдын алу бағытында ведомствоаралық комиссияның отырысында арнайы алгоритм бекітіліп, тәуекелдерді ерте анықтауға және психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған шаралар қабылданды. Білім беру ұйымдарында балалардың эмоционалдық жағдайын бақылауға арналған «Көңіл күй күнделігі» секілді психологиялық қолдау тетіктері енгізілуде. Мемлекет деңгейінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қатаң шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, 111 бірыңғай сенім телефоны іске қосылып, балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне жедел әрекет ету тетігі күшейтілді. Сонымен қатар, балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатайтылып, оның ішінде, балалардың жыныс­тық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстар үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді.

– Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид жағдайларының артуы – қоғамдағы психологиялық ахуалдың күрделене түскенін көрсететін маңызды сигнал. Суицид қаупіне әкелетін негізгі факторлардың қатарында созылмалы стресс, өзін-өзі төмен бағалау, отбасындағы қолайсыз психологиялық ахуал, буллинг пен кибербуллинг, сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі теріс контенттің ықпалы бар. Баланың мінез-құлқындағы тұйықталу, көңіл күйдің күрт өзгеруі, бұрын қызықтырған істерге немқұрайдылық таныту, өлім тақырыбын жиі қозғау – ересектер үшін елеусіз қалмауы тиіс дабыл белгілері, – деді Абай ауданының Жастар ресурстық орталығының психолог маманы Лаура Дүйсенова.

Балаларға қатысты қылмыс­тардың азаюы – оң үрдіс. Алайда, интернеттегі қауіптердің күшеюі мен суицид көрсеткішінің өсуі бұл мәселенің әлі де өзекті екенін айқын көрсетіп отыр. Балалардың қауіпсіздігі – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, отбасы, мектеп, әлеуметтік қызметтер мен бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Жамал Советқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button