Бала денсаулығына бағытталған жаңа тірек алаң жұмысын бастады
Аймақта балалар денсаулығын бақылайтын мамандардың әлеуетін арттыру жолында тың жоба қолға алынды. Енді осы бағытта жаңа тірек алаң жұмысын бастайды. Оқу-әдістемелік орталық балалар мен отбасыларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға, сондай-ақ, мамандардың кәсіби құзыретін күшейтуге бағытталған.

Аталған орталық орта буын медицина қызметкерлерінен бастап, тіпті, тәжірибелі дәрігерлер мен денсаулық сақтау саласының басшыларына дейінгі барлық деңгейдегі мамандарды оқытуды көздейді. Оқу курсы үш негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылған. Атап айтқанда, балаға кешенді ем-дом жүргізудің алғышарттары, патронаждың (үйде отырып ем жасаудың әдістерінің) әмбебап әдістері, балаларға стационарлық және шұғыл медициналық көмек көрсету мәселелері қамтылған.
– Бұл тірек алаңда тек оқып қана қоймай, нақты іс-тәжірибе ретінде де тағылымдамадан өтеді. Бала денсаулығын сақтауда жаңа көзқарасты қалыптастыратын маңызды алаңда кәнігі мамандар заманауи практикалық-бағдарланған тәсілдерді жас мамандарға үйретеді. Балалар мен отбасыларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы, тиімділігі күшейеді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының Ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Аслан Теміров.
Оқу бағдарламасында медицина, әлеуметтік және білім беру қызметтерінің өзара үйлесімді жұмысына негізделген пәнаралық іс-қимылға ерекше назар аударылған.
Оқу курстары медициналық ұйымдар тарапынан да оң бағасын алуда. Теміртау қаласы көпбейінді ауруханасының инфекциялық бақылау қызметінің басшысы Юрий Никулин мұндай орталықтардың рөліне тоқталды.
– Қазіргі медицинада сапа мен қауіпсіздік бірінші орында тұруы тиіс. Бұл оқу курстары қызметкерлердің жауапкершілігін күшейтіп, инфекциялық қауіпсіздік пен медициналық қызмет көрсету мәдениетін жаңа деңгейге көтереді. Ал, бұл, өз кезегінде, пациенттердің сенімін арттырады, – деді ол.
Сондай-ақ, оқуға қатысқан жедел жәрдем қызметінің мамандары да алған білімдерінің нақты іс-жүзінде пайдасын тигізетінін атап өтті.
Мамандардың пікірінше, алдағы уақытта тірек алаңның жұмысы жүйелі әрі үздіксіз сипат алса, бұл өңірдегі балалар денсаулығы көрсеткіштерінің тұрақты жақсаруына, медицина саласындағы кадрлық әлеуеттің нығаюына ықпал етеді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



