Ресми

Бала бейсауат жүрмеуі тиіс

Оқу жылы аяқталысымен сала мамандары мен ата-аналар алдында жазғы демалыста баланы бейсауат жүрістен тыйып, уақытын дұрыс ұйымдастыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету секілді мәселелер туындайды. Бұл ретте мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлер оқушыларды қабылдауға дайын. Олардың жұмысы 3 маусымда басталады.

Сурет egemen.kz

«Біз лагерьге барамыз»

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бақтыгүл Әдекенова аймақ бойынша 160 мың бала лагерьлерге баратынын жеткізді.

– Қала сыртындағы лагерьлерге 7 мың, мектеп жанындағы лагерьлерге 140 мыңнан астам бала барады. Бұдан бөлек, ерекше білім беру қажеттілігі бар 2 мың балаға өз мектеп-интернаттарында лагерь ұйымдастырылады, – деді Бақтыгүл Нау­қанбайқызы.

Ол қосымша білім беру ұйымдары кесте бойынша жұмыс істей беретінін айтып өтті.

– 1 маусымда Пришахтинскіде жаңа Оқушылар сарайы ашылады. 600 балаға арналған «Кәусар» сарайының ғимараты барлық стандарттарға сай. Қосымша білім беру үшін барлық жағдай қарастырылған. HI-TECH, шығармашылық шеберханалар, хореография залы, ART-студия, дыбыс басу студиясы, телевидение және фотостудия, VR-архитектура және WEB-дизайн студиясы, Intellectum-студия, робототехника және техникалық шығармашылық студиясы, STEM зертхана, музыка студиясы, экологиялық орталық бағыттары жұмыс істейді. Мұндай сарай Майқұдықта да ашылады деген жоспар бар, – деді спикер.

Бірыңғай кезекке көшеді

Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілерін топтарға ауыстыру 1-31 тамыз аралығында жүргізіледі. Бүгінгі таңда облыста 411 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оларда 39 323 бала қамтылған. Бұл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 82,6%-ын құрайды.

– Мектепке дейінгі ұйымдарда жаңа орындар құру бойынша жұмыстар жалғасуда. Осы жылы 2 мыңға жуық жаңа орын ашу жоспары бар. Жыл басынан бері 343 орын ашылды. Абай, Осакаров, Бұқар жырау аудандары мен Шахтинск қаласында ашылғанын атап өту керек. Қазіргі уақытта «Индиго» мен ҰББДҚ жүйелерін бірыңғай республикалық кезекке көшіру аясында біріктіріп жатырмыз. Бірыңғай кезек енгізілгеннен кейін ата-аналар орын «ұстап алуға» тырыспайтын болады. Жүйе бос орындар туралы автоматты түрде хабарлап отырады, – деді Бақтыгүл Әдекенова.

Спикер қазіргі таңда 1 сыныпқа құжат қабылдау жүріп жатқанын да еске салды. Ол 31 тамызға дейін жалғасады. Өтінімді EGOV, «Білімал» жүйесі, арқылы «1 сыныпқа қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызметтер порталында және қағаз жүзінде беруге болады. Биыл бірінші сыныпқа 16 мыңнан астам оқушы барады деп күтіледі.

Әкімшілік жауапкершілік бар

Брифингке қатысқан облыстың полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов 25 мамыр күні полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейтінін атап өтті.

– Кәмелетке толмағандардың сағат 23:00-ден кейін заңды өкілінсіз қоғамдық орындарда және 22:00-ден кейін көңіл көтеретін орындарда жүруі ата-аналарды әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз болады, – деді Құрманғали Жәрдемұлы.

Аттестат тапсыру салтанаты кезіндегі қауіпсіздік мәселесі де жіті назарда болады. Спикерлер бұл күні кортеж ұйымдастырылса, ата-анасы жауап беретінін ескертті.

Ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әсел Омарова биылғы төрт айда кәмелеттік жасқа толмағандардың қатысуымен 33 қылмыс тіркелгенін айтты. Былтыр 49 факті тіркелген екен.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button