Бала қауіпсіздігінен бағалы ештеңе жоқ
Баланың қауіпсіздігі мен денсаулығы – кез келген қоғам үшін ең маңызды құндылықтың бірі. Соңғы жылдары мектептер мен балабақшаларда санитариялық талаптардың сақталмауы, жазғы лагерьлердегі қауіпсіздік мәселелері жиі көтеріліп, ата-аналар арасында алаңдаушылық туғызғаны жасырын емес. Осыған байланысты балаларға арналған ұйымдарға мемлекеттік бақылаудың жаңа моделі енгізілді. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – әр бала үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру.

Жаңа бақылау жүйесінің негізгі ерекшелігі – тексерулердің қауіп деңгейіне қарай жүргізілуі. Бұған дейін көптеген ұйым бірдей тәртіппен тексеріліп келсе, енді тәуекелі жоғары мекемелерге басымдық беріледі. Жоғары қауіп деңгейіне жатқызылған мектептер, балабақшалар мен лагерьлер жылына кемінде екі рет тексерілсе, төмен қауіп деңгейіндегі нысандар бір жылдан артық емес мерзімде бір рет қана бақылаудан өтеді. Бұл тәсіл ресурстарды тиімді пайдалануға және қауіп төндіретін мәселелерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Маңызды жаңалықтың бірі – тексерілетін нысандар тізімінің ашық жариялануы. Енді ата-аналар мен қоғам өкілдері қай мекемелерде тексеру жүргізіліп жатқанын, бақылаудың қандай бағытта өтетінін көре алады. Бұл ашықтық ұйым басшыларының жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қоғамдық бақылауды күшейтудің тиімді тетігіне айналмақ.
Жаңа модельдің тағы бір ерекшелігі – мониторингтің тек құжат жүзінде емес, нысандарға тікелей бару арқылы жүргізілуі. Мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы, лагерьлердің жазғы маусым алдындағы жағдайы, медициналық ұйымдардың эпидемиологиялық әзірлігі Мемлекет басшысы мен Үкіметтің, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмалары негізінде жеке-жеке тексеріледі. Бұл, әсіресе, маусымдық тәуекелдердің алдын алуға бағытталған.
Қоғамда көп талқыланған мәселелердің бірі – алғашқы тексеру кезінде айыппұл салынбайтыны. Жаңа бақылау моделінің басты ұстанымы – жазалау емес, алдын алу. Яғни, мекемелерге анықталған заңбұзушылықтарды өздігінен түзетуге мүмкіндік беріледі. Бұл тәсіл ұйымдарды жауапкершіліктен босатпайды, керісінше олардың жұмысын жүйелеуге және кемшіліктерді уақытында жоюға ынталандырады. Десек те, талаптарды жүйелі түрде бұзатын мекемелерге қатысты қатаң шаралар сақталады.
Сонымен қатар, санитариялық дәрігерлердің өкілеттіктері кеңейтілді. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер жүйелі бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беріп, оларды жергілікті және мемлекеттік органдарға жолдай алады. Бұл санитариялық қызметтің рөлін күшейтіп, қауіпсіздік стандарттарын арттыруға бағытталған маңызды қадам саналады.
– Жаңа тексеру тәртібі менің күнделікті жұмысымда айтарлықтай өзгеріс енгізбейді. Керісінше, бұрынғыдан да жауапкершілікпен қарауға ынталандырады. Себебі балабақшадағы тәртіп пен талап – біздің күнделікті дағдымыз. Санитариялық талаптарды сақтау біз үшін қиын емес. Баланы әрдайым таза, ұқыпты ортада қабылдау маңызды. Ойын бөлмесі, ойыншықтар, ыдыс-аяқ, төсек орындары мен қабылдау бөлмесінің тазалығы – басты назарда.
Бұрын тексерулер кезінде көбіне ұсақ кемшіліктер айтылатын. Мысалы, ыдыстардың талапқа сай орналастырылмауы немесе үстел үсті ойыншықтарының жеткіліксіздігі сияқты мәселелер кездесетін.
Айыппұл салмай, кемшіліктерді түзетуге уақыт беру – дұрыс шешім деп ойлаймын. Себебі мінсіз мекеме болмайды, ал мүмкіндік беру сапаны жақсартуға жол ашады. Балабақшадағы ең басты жауапкершілік – баланың қауіпсіздігі. Ата-аналар бізге ең қымбат дүниесін, яғни, баласын сеніп тапсырады. Сондықтан тәрбиеші ең алдымен ойыншықтардың қауіпсіздігіне, олардың бүтін әрі балаға жарамды болуына мән беруі тиіс. Сонымен қатар, балалар арасында түсініспеушілік пен дау-дамайдың алдын алу да маңызды.
Жаңа бақылау жүйесі балабақшаларды балалар үшін қауіпсіз етеді деп сенемін, – дейді тәрбиеші Айнел Мұхтарова.
Аталған өзгерістердің барлығы заңнамалық негізге сүйенеді. 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы мәдениет, білім, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелеріне қатысты заңға қол қойды. Құжат балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуді, санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды жақсартуды және мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдардағы бақылау жүйесін жетілдіруді көздейді.
Жалпы алғанда, жаңа бақылау моделі балаларға арналған ұйымдардағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған маңызды қадам деуге болады. Алайда, оның нақты нәтижесі тек қағаз жүзіндегі талаптармен емес, тексерулердің әділ әрі сапалы жүргізілуімен өлшенбек. Егер жаңа жүйе формальдылықтан арылып, нақты бақылауға негізделсе, ең басты ұтымдылық – балалардың өмірі мен денсаулығы болмақ.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



