Бала қауіпсіздігі басты назарда
Мемлекет басшысы «Бала қауіпсіздігі – бәрінен маңызды» деп талап қойғанымен, мәселеге немқұрайлы қарайтындар кездесуде. Қайғылы жағдайлардың басым көпшілігінде балалар бар. Бұл әлі де болса, қоғам арасында бала құқығын қорғау жөніндегі шешімін таппаған ауқымды мәселенің көптігін аңғартып тұр. Бұған қатысты Мемлекет басшысы не деп еді?
– Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан, біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз. Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни, барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе, – деді Президент.
Жақында аймақ тұрғындарын Курьяновский кентіндегі балалар алаңында ойнап жүріп, басын темірге соғып, жарақаттаған баланың жайы алаңдатты.
– Екі балам сағат 15:00-де серуендеуге шықты. Байжанов көшесі, 55 мекенжайында тұрамыз. Ал, алаң № 61 үйдің жанында орналасқан. Олармен бірге көрші балалар болды. Бес жастағы Рамазан жүгіріп келе жатқан сәтте басын темір бұрандаға соққан. Негізі, ол алаң қоршалған және бұранда жабылған болуы тиіс еді, – дейді баланың анасы Диана Мүбарекшенова.
Балалар үйге жүгіріп келген соң аналары жедел жәрдем шақырып, бала облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілген. Балаға алғашқы көмекті көрсетіп, басын тіккен облыстық балалар клиникалық ауруханасы дәрігерлерінің айтуынша, балада бас ғана емес, ми жарақаты да бар. Баланың басы 18 жерден тігілген, әрі психикалық тұрғыда зардап шеккен.
– Сол күні нейрохирургия бөлімінде қалдық. Дәрігер маған балаға зиян келгенін мердігерге түсіндіру үшін жарақат алған орынды қайта қарауымды ұсынды. Ойын алаңынан ұлымның шашы мен терісінің бөлшектері бар бұранданы таптым. Әкімдікте мердігерге қатысты деректер алуға тырыстым. Мердігер кеш келді. Баланың жағдайы туралы сұрамады. Олар ойын алаңы қоршалған деп мәлімдеді. Бірақ, жағдай олай емес. Балалар ойнап жүргенде нысанның төлқұжаты болмаған, – дейді баланың анасы.
Ал, облыстың денсаулық сақтау басқармасы балада ми жарақаты бар деп жауап берді.
– Қабылдау кезіндегі жағдай – орташа ауыр. Бас жарасы тігілді. Қазіргі уақытта нейрохирургиялық бөлімшеде консервативті ем алуда, – деп хабарлады.
Ал, Ә.Бөкейханов атындағы аудан әкімдігі мердігер ұйым құрылыстың бастапқы кезеңінде нысанды қоршағанын, жұмыстарды аяқтау мерзімі бар нысанның төлқұжаты орналасқанын айтқан.
– Белгіленген ойын элементтеріне сәйкес өндіруші зауыттың сапа сертификаты бар. Бұл нысан пайдалануға берілмеген. Мердігер ұйым құрылыстың бастапқы кезеңінде нысанды сигнал таспасымен қоршады, бірақ, ол бірнеше рет бұзылды. Нысан төлқұжатында «Жұмыстарды аяқтау мерзімі 2024 жылғы қазан» деп жазылған.
Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Балаларыңызға салынып жатқан нысандарда ойнауға болмайтынын түсіндірулеріңізді сұраймыз, – деп жауап берді әкімдік өкілдері.
Облыстағы төтенше жағдайлар департаментіндегі төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Нұржан Жақатаевтың айтуынша, бүгінде облыстың барлық өңірлерінде балалар қауіпсіздігіне қатысты үгіт-насихат жұмыстары жолға қойылған. Алайда, балалардың тұрмыстық жарақаттануының себебі ересектердің абайсыздығы мен салғырттығынан. Өйткені, балалар күннің көп бөлігін ересектердің қарауынсыз жалғыз өткізеді.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz