Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде кəсіпкерліктің, оның ішінде, орта жəне шағын бизнестің дамуына баса назар аударып келеді. Осы бағытта жылдағы халыққа арналған Жолдауларында, түрлі маңызды жиындарда жергілікті атқару органдарына тапсырмалар беріп, бақылауында ұстап отыратыны бəрімізге белгілі.
Əрине, кəсіпкерліктің ішінде, ең алдымен, өзінің жеке өндірісімен айналысатын тұлғалар құпталатыны мəлім. Ақадыр кентінде осындай кəсіппен айналысатын «Бал-ZERE» кондитерлік цехы біраз уақыттан бері өзінің əртүрлі тəтті тағамдарын ұсынып, халықтың көңілінен шығып жүр.
Цехтың басшысы Бейбіт Қожамбердина – Шет ауданы, Қызылтау ауылының тумасы.
Бейбіт кəсібі қалыптасқан, атап айтқанда, айтулы үлкен шаруа қожалығына ие отбасыдан шыққан. Əкесі Дулат Қожамбердин – тек қана Шет ауданы, Ақадыр өңіріне ғана емес облыстан тыс жерлерге аты аңызға айналған еңбек майталманы. К.Мыңбаев атындағы кеңшарда жылқы өсірумен айналысты.
Жекеменшік кəсіптің қыр-сырына, ыстық-суығына қанық болып өскен Бейбіт Дулатқызы есейгенде «өзімнің кəсібімді ашсам» деп армандап өсті. Сегіз бала тəрбиелеп, «Батыр ана» атанған анасы Рымкеш Мананбайқызының жанында жүріп, дəмді ас əзірлеуде, əсіресе, шелпек, бауырсақты қуырып, наннан жасалатын басқа да тағамдарға, торт дайындауға үлкен қызығушылық танытыпты. Бірте-бірте анасы тəрізді бесаспап аспазға айналды.
Мектеп бітірген соң Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түседі. Еңбек жолын өзінің туған ауылында мұғалім болып бастайды.
Алайда, кəсіпкерлікпен айналысуға көңілі ауады да тұрады. Ең алдымен, азық-түлік сататын дүкенді жалға алу керек болды. Аз уақыттың ішінде сауданың əдіс-тəсілдерін, тұтынушылар үшін бірінші кезектегі керекті тауарларын реттеп түгендеуді меңгерді. Бірақ, кəсібі өрлеп жатса да, бала кезіндегі «өзімнің өнімімді өндірсем» деген арманы ойынан кетпей қойды.
«Талпынған жетер мұратқа» деген қағиданы үнемі есінде ұстаған Бейбіт сол арманына осыдан үш жыл бұрын жетті. Жетті дегеніміз ол бергі жағы. Шынтуайтқа келгенде, кентіміздегі тəтті тағамдарды шығаратын бірден-бір өндіріс орнына айналды. «БалZERE» деген атауды əпкесі Асыл ұсынған екен. Өйткені, қызының есімі Зере, ал, дайындалатын тағамдары балдан тəтті.
Əрине, кулинарлық цехты ашуға қомақты қаражат керек болды. Осы жерде көмекке оның ағасы, «Бақытбек» шаруа қожалығының басшысы Дəурен келді. Ол қаражатқа Ресей елінің кондитерлік өнімдерді шығаруға арналған қондырғылары, жабдықтары, басқа да керекті құралдары алынды.
Білімін жетілдіру үшін Астана, Алматы, Қарағанды қалаларының кондитерлік курстарын оқып шығып, арнайы сертификаттарына ие болды.
Бизнестің басталған шағынан қиындықтарды бірге бөлісіп, ыстық-суығында жанынан табылған Əйгерім Əубəкірова, Əсел Сейсенқұлова, Айерке Оспанова, Қаршыға Жүкенова көп көмектерін тигізіп келеді. Кəсіптерін оң жолға қоюда біраз терін төгіп, күш-жігерлерін жұмсап, бірге еңсерді. Біртіндеп кəсіптері кеңейіп, жаңа жұмыс орындары ашыла бастады. Бүгінгі күнде Ақадыр кентінде 18 адам, Қарағанды қаласында 2 адам еңбек етеді.
Қазіргі уақытта тұтынушылардың тапсырысымен торттардың 20 түрін шығарады.
Онымен қоса, кондитерлік цех бəліштің – 30, печеньенің 20 түрін дайындайды. Оларға самсаның, бауырсақтың, чебуректің, хот-догтың, тоқаштың түр-түрін қосып қойыңыз.
Тұтынушылар ортасында шығарылған өнімге сұранысты табу жəне қалыптастыру, өнім өндіру жолымен қанағаттандыру жəне оларды тиімді бағамен сату болып табылатыны анық. Осы орайда Ақадыр кентінен басқа Қарағанды қаласынан ғимарат жалға алынып, өздерімен аттас «Бал-ZERE» дүкені ашылды. Ауылдан шыққан тəтті тағамдар күнара сол жаққа жіберіліп отырады.
Тағам түрлерін үйге əкеліп беруге тапсырыс берген жағдайда тегін жеткізіп те береді. Айлардың, апталардың ішінде дайындалған тағамдардың бағасын 50 пайызға дейін жеңілдетіп, тіпті, кейде тегін беруге дейін баратын мезгілдері болады.
Ендігі кезекте осы мақсатпен ізденімпаз кəсіпкер кент ішінде сұранысқа ие болып отырған асхана да ашпақшы.
Кəсіпкер Бейбіт Дулатқызы қайырымдылық шараларын да ұмытпайды. Көпбалалы отбасыларға, кент жастары өткізетін мəдени, спорттық шараларға демеушілік көрсетеді.
Өмірлік жары Алмас Əуесбаев – айналмалы депода электровоз машинисінің көмекшісі. Жұмыстан қолы бос кезінде жұбайына қолғабыс жасап, кəсібіне қолдау көрсетіп, əрдайым жанынан табылып жүреді. Екеуі мектеп жасындағы екі ұл, бір қыз ды тəрбиелеп өсіруде.
Елімізде кəсіпкерлік пен бизнес қоғамдық өндірістің негізгі саласы болатындығына ешкімнің күмəні жоқ. Бизнеске деген қызығушылық жылдан-жылға өсіп келеді.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Шет ауданы