Балғындар қуанышқа кенелді
Жаңаарқа ауданының әкімі Ғабдрахман ОМАРОВТЫҢ әлеуметтік тұрғыда аз қамтамасыз етілген, сондай-ақ, көпбалалы отбасылары балалары мен оқу озаттарына арналған жаңа жылдық шыршасы әсері мол мерекеге айналды. Көңілді кеш барысында оған қатысушы балғындарға тәтті-дәмділер бумасы мен планшеттер үлестірілді.
Аудан әкімінің құттықтау лебізінен кейін ертегілер кейіпкерлерінің киімдерін киген балалар әсем безендірілген шырша шамдарын «сиқырлы сөз» құдыретімен жағып, өлең-жырлары мен тақпақтарын оқыды. Ән салып, би биледі. Аяз атаның сый-сияпат қоржынынан, тиісінше, тарту-таралғыларды еншіледі. Қысқасы, жүргізілу реті бүлдіршіндер талғамына лайықталған шырша тойы оларды шексіз қуанышқа кенелтті.
Келісті кеш соңында ортаға аудан әкімінің балаларға арнап арнайы дайындатқан сыйы – үлкен торт жеткізілді. Сонымен қатар, Бименде Амалбеков атындағы орта мектепте аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылар балдырғандары үшін мерекелік дастарқан жайылды.
Аудан әкімінің шырша тойына барлық ауылдық округтерден шақырылған балалар қатысқанын айта кеткен жөн.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
ЖАҢААРҚА ауданы.