АймақҚарқаралы

Балғын балуандар бәсекесі

Қарқаралы қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында «Қарқаралы» спорт клубы мен «Abadan» спорт академиясының ұйымдастыруымен Artsport group ашық турнирі өтті.

Суреттер автордан

Жарыстың ашылу салтанатында қатысушыларды аудан әкімінің орынбасары Дархан Жиенбаев пен «Abadan» спорт академиясының президенті Нұрлан Қалтаев құттықтап, жас балуандарға сәттілік тіледі.

Турнирге Қарағанды, Теміртау қалаларынан, Бұқар жырау, Абай, Қарқаралы аудандарынан және Абай облысының Қайнар ауылынан барлығы 18 команда қатысты. 2011-2016 жылдары туған ұлдар жасына қарай үш топқа бөлініп жеті-сегіз салмақ дәрежесінде күрессе, 2011-2014 жылдары туған қыздар екі топта бес салмақ дәрежесі бойынша белдесті. Жан-жақтан келген 250 жас балуан қатарынан үш кілемде күш сынасты.

Жарыс қорытындысы бойынша, жалпы командалық есепте бірінші орынға Қарқаралы ауданының командасы ие болды. Теміртаулықтар екінші, Бұқар жырау ауданының командасы үшінші орынды еншілеп, Абай ауданы мен Қарағанды қаласының балуандары үздік бестікке енді.

Осынау додаға арнайы дайындықпен келіп, барын салған балуан ұл-қыздар бәрі бірдей жүлде алмаса да, тәлім алып, тәжірибе жинап қайтты. Балғын спортшы үшін оның өзі аз олжа емес. Күні ертең ел намысын қорғайтын спортшыға жол ашатын, намысын қайрайтын осындай сайыстар мүмкіндігінше жиі өткізілгені абзал.

Болатбек ӘШІМҰЛЫ

Қарқаралы қаласы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button