АймақТеміртау

Балқыған болат, шалқыған шаттық

Теміртау қаласында елімізде тұңғыш болат балқымасы алынуының 80 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Бұл болат балқымасы Ұлы Отан соғысы әлі жүріп жатқан 1944 жылдың 31 желтоқсанында сағат 12:00-де сол кездегі Самарқанд кентіндегі Қазақ металлургия зауытында алынған еді. Оны алу үшін гитлерлік басқыншылар уақытша басып алған Украинаның, Донбасстың металлургиялық зауыттарынан мартен пештері мен жабдықтары мұнда эшелондап жеткізіліп, 30 желтоқсанда алғашқы мартен пешін толтыру басталған болатын.

Қайнап тұрған соғысқа қарамастан Қазақстан Үкіметінің қаулысымен аз ғана мерзім ішінде Қазақ металлургия зауытын салып, алғашқы мартен пешін іске қосып, оны толық игерген құрылысшылар мен металлургтердің еңбегін ерлік деп бағалауға болады. Дәл осы оқиғадан Қазақстандағы қара металлургияның дамуы бастау алады.

Қазақтың тұңғыш болатының өндірілгеніне 80 жыл толған биылғы жыл осы Қазақ металлургия комбинатының мартен цехы құрылысының бастамашысы әрі тәлімгері академик, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуымен тұспа-тұс келгені де ерекше. Қанағаңның келешекті болжай білген көрегендігі сонда, ол өткен ғасырдың 20-жылдарының аяғында-ақ «Самарқанд кентінің ауданын табиғаттың өзі болашақта Қазақстан қара металлургиясының орталығы болатындай етіп белгілеп берген» деп жазған. Оның сол болжамы дәл келіп, 1930 жылдары осы жерде еліміздегі ірі болат құю кәсіпорны – Қарағанды металлургия комбинаты ашылып, 1945 жылы кент Теміртау атанып, қала мәртебесін алады. Қазір сондағы шағын зауыттың өндірісі неше есе өсіп, құрышшылар қаласында 200 мыңға тарта сан ұлт өкілдері өмір сүріп, еңбек етуде.

Осынау атаулы күнге арналған той салтанаты таңертеңгілік Теміртау қаласына кіреберіс дөң басында металлургтерге қойылған стеллаға гүл шоқтарын қоюдан басталып, осында жиналған жұртшылық пен ардагер металлургтердің алдында қала әкімі Ғалым Әшімов пен «Qarmet» АҚ бас директоры Вадим Басин құттықтау сөз сөйлеп, олар одан соң аталған кәсіпорынға барып, болат балқытудың барысын көріп, бақылады.

Ал, түстен кейін қалалық Мәдениет сарайының кең залында ардагер металлургтер мен кәсіпорын қызметкерлеріне мерекелік дастарқан жайылып, марапаттауларға кезек беріліп, Астана қаласынан арнайы шақырылған эстрадалық-симфониялық оркестр концерт қойды.

Осында LED-экраннан Теміртау қаласы мен металлургия комбинаты жұмысының деректі жылнамасы мен тұңғыш Қазақстан болатының шығарылуы көрсетіліп, қала әкімінің орынбасары Самат Зияшев өзінің құттықтау сөзінде:

– Қала мен комбинаттың тарихы бір-бірімен біте қайнасып, металлургтердің ерен еңбегімен ерекшеленеді. Теміртау тарихының жылнамасына есімдері жазылған алғашқы болатты балқытқан металлургтердің соңында қалған ұрпақтары олардың ісін жалғастырып келеді. Осы мерейтой аясында қалада бұрын комбинат орналасқан аумақтың көшелерін тазалау мен абаттандыру жөніндегі экологиялық акциялар, комбинат ардагерлерімен кездесулер, дөңгелек үстелдер, дәрістер, спорт жарыстары өткізіліп, тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері «Олар бірінші болған» тақырыбында көрме экспозициясын әзірлеп, бүгін таңертең стелла басында митинг өткізіліп, комбинатта мерейтойлық балқыма алынды, – деп бір топ ардагер металлургке қала әкімінің Құрмет грамоталарын тапсырды.

Марапатталғандардың арасында осы кәсіпорынға еңбегі сіңген Ө.Ғабдуллин, Ә.Әменов, Н.Карачебан, С.Жүнісов, В.Чукуманов, С.Филимонов, Б.Салқымбаев, В.Дьяков, П.Канаканиди, В.Шимон, А.Воронов, В.Лаукарт бар. Осылардың бірқатары бүгінде құрышшылар әулетінің басы болып, соңынан қаншама ізбасарларын тәрбиелеп, өсіріп отыр. Ол туралы Ө.Ғабдуллин мен басқа да сөйлегендер өз әңгімелерінде айтып берді.

Ендігі сәтте «Qarmet» АҚ бас директорының орынбасары Евгений Хицко өз кәсіпорындарында еңбегімен көзге түскен Р.Шафигуллин, В.Фоменков, А.Нұржанов, Ш.Келдібаев, Б.Абдуллаев, А.Аймағамбетов, А.Варшавская, А.Ботто, Ж.Омарова, Э.Столярға облыс әкімінің Құрмет грамоталарын, Т.Заурбеков бастаған тағы 10 адамға «Qarmet» бас директорының Алғыс хатын табыс етті.

Сондай-ақ, осы кездесу­ге шақырылған 100 ардагер мен олардың ізін басқан шәкірттеріне мерейтойлық медальдар табысталып, Астана қаласының эстрадалық-симфониялық оркестрінің өнерпаздары көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады. Олар Қазақстан сазгерлері мен әлемдік классиканың саз туындыларын орындап, салтанатты кешті Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» әнімен аяқтады.

Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button