Жаңалықтар

Балқашты жырға бөледі

Адамға ақын, жазушы, қаламгер болу емес, азамат болу – парыз. Себебі, Ұлы Абай атамыз айтқандай оқып, көңілге тоқып, ізденіп, еңбектеніп, халыққа қызмет еткен адам ғана бейнеттің зейнетін көреді. Мұны ғұмыр­лық ұстанымына ай­­­налдырып, сөз өнерінде қанатын кеңге жайып жүр­ген тума таланттар аз емес. Олардың қатарында Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер ода­ғының мү­шесі, ақын-жа­зушы, шашубайта­нушы, руханият жоқшысы, Қазақстанның Құрметті жур­на­лисі Жанболат Башарұлы да бар. 75 жастың төріне шық­қан қаламгер Балқаш қаласындағы Мағауия Хамзин атындағы мәдениет сарайында «Ар мен Зар» атты кітабының тұсауын кесіп, «Қуат беріп бойыма ғұмыр әні…» атты шығармашылық кешін өткізді. Шарада ақынның 20-ға жуық өлеңі оқылып, оның сөзіне жазылған әндер шырқалды. 

Суреттер автордан

Шараның шымылдығын кеш иесінің өзі ашты. Бұдан кейін сах­наға озған Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев қалам ұстап, ой кешкен мерейтой иесін құттықтап, иығына шапан жапты. «Жақсыға құрмет – жаранға міндет» дейді қазақ даналығы. Өз өңірінің қандай да бір саланың дамуына сүбелі үлес қосқан қатардағы жандар үшін салмақты марапат бар, ол – «Құрметті азамат» атағы. Бұл атақ осы жолы иесін тапқандай. Мәслихат депутаты Серікбол Түсіпбеков «Балқаш қаласының Құрметті азаматы атағы Жанболат Башарұлына беріледі» дегенде көрерменнің ықыласы мен қошеметтен құлақ тұнды.

– Балқаш – экономикасымен, басқа салаларымен ғана емес, мәдениетімен, өнерімен де көшбасшылық маңызға ие шаһар. Басқасын былай қойғанда, айтыстың атасы болып саналатын Шашубай ақынның осы Балқаш төрінде, сауық құрып, қазақтың қанына біткен жыраулық, әншілік өнердің алтын бесігі, алтын ұясы қалыптасқан жер. Сондықтан да, қазақ өнері мен мәдениетінде маңызы ерекше Балқашта Жанболат Башар ағамызға Құрметті азамат атағы берілуі – заңдылық, – деді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.

Осылайша, туған елінің алғау­сыз махаббатына бөленген жа­зушының көңілі уақыт өлшеміне сыймайтын кеңістіктің төрінде шалқыды. Сонымен қатар, шаһар басшысы кеш қонағы биылғы жылы 75 жасқа толған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Абзал Бөкенге, сондай-ақ Қазақс­тан Республикасының еңбек сі­ңір­ген қайраткері, композитор жә­не профессор, Балқаш қаласының Құрметті азаматы Тілеуғали Қышқашбаевқа құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады.

– Жанболат құрдасым – жазу үс­теліне отырған сәттен әдеби­етке қызмет етуге бел буған жан. Шығарманың шынайы өмірде қай­талануы, кейіпкерлер көп­ші­лік оқырманның таңқалысын ту­дырды. Сайып келгенде қалам­гердің мақсаты бұлыңғыр әлемнің бүкпесіз шындығын бұрмаламай, қисынын тауып қиыстырып жеткізу емес пе? Осы үдеден шықан Жанболат Башарұлының әр шы­ғармасы мен үшін биік және жүрегімнің төрінен орын алған, – деді ақын Абзал Бөкен.

Бұдан кейін «Ар мен Зар» кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға ұсынылды. Кешке өнер иесін құттықтап, алыс-жақыннан ақындар мен журналистер келді. Атап айт­қанда, ақындар Мүсіркеп Сейдахмет, Қуандық Сәденов, Ілияс Мұқай, «Арқа ақшамы» газетінің бас редакторы, сатирик Әдебиет Белгібайұлы, «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы ақын Қуаныш Аманқұлов, Балқаш қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағы Тайтөлеу Жұманов жылы лебізі мен ізгі тілектерін білдірді.

Ақынның өлеңдерін Меруерт Өтенова, Жандос Түсенов, Дина Бөкен, Нұрсұлтан Әділетұлы, Ару­жан Марат жатқа оқып, көрер­менді тәнті етті. Өнер саңлақтарының бірегейі Шашубай Қошқарбайұлын Жанболат Башарұлы зерттеп, қаламына арқау қылғаны айтылып, бір өзі – бір театр болған Шашубайдың «Ақ қайың» әнін дәстүрлі әнші, бірнеше республикалық, облыстық, аймақтық ән байқауының жеңімпазы Аққыз Құнарбекова шырқады. Сонымен қатар, «Мағауия мақамы» деген естеліктер жинағын құрастырып шығарғандығын жет­кізген Қазақстан Күйшілер одағының мүшесі, күйші, Мағауия Хамзинның шәкірті Жақсылық Нәдірбеков Әшімтайдың «Қоңыр қаз» күйін шертті. Сондай-ақ, ақынның сөзіне жазылған әндерді әншілер Таңат Іргебаев, Еркеназ Бақтораз, Аманжол Шәймерден шыр­қады. Сонымен қоса, Қарағанды қаласынан келген әншілер Нияз Тәуекелұлы мен Алмас Серікұлы әннен шашу шашты. Осылайша Көкше көлдің жағасы ән мен жыр­ға бөленді. Көрерменнің ілтипаты мен қошеметі зор болды.

Өз кезегінде жазушы Жанболат Башарұлы «Ар мен Зар» атты кітаптың шығуына қолдау білдірген Балқаш қаласының әкімі Сапар Қайыркенұлына демеушілік жасаған жеке кәсіпкер Марат Алтайұлына алғыс білдірді.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button