Жуырда Мемлекет басшысы көтерген «Taza Qazaqstan» экологиялық мәдениетті қалыптастыру бастамасын қолдау аясында ұйымдастырылған ұлттық «Tazalyq – Sanadan» жобасы еліміздің түпкір-түпкіріндегі белсенді жастар мен ұстаздардың басын қосты. Ауқымды республикалық байқауда 110 дебаттық клуб бақ сынап, өздерінің азаматтық ұстанымын, экологиялық сауаттылығын және зияткерлік әлеуетін дәлелдеді. Осы додада «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжінің «Жұлдыз» интеллектуалды дебат клубы үздіктер қатарынан көрінді. Клуб жетекшісі, арнайы пәндер оқытушысы Елдос Болат ұлттық жоба аясында I орынға ие болып, жоғары кәсібилігін көрсетті. Оның жетекшілігімен дайындалған жас дебатшылар экологиялық мәдениетті насихаттауда белсенділік танытты.

Байқау қорытындысы бойынша Елдос Болат пен клуб мүшесі Аида Мұқанова Ұлттық Құрылтай аясында өткен салтанатты марапаттау рәсіміне арнайы шақырылды. Мәртебелі жиында жеңімпазға I дәрежелі диплом мен 500 000 теңге көлеміндегі сертификатты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағанбетов табыстады.
– Бұл марапат – «Жұлдыз» дебат клубындағы шәкірттерімнің табанды еңбегінің нәтижесі. Экологиялық мәдениет бір күнде қалыптаспайды. «Taza Qazaqstan» – әр азаматтың өмір салтына айналуы тиіс ұстаным. Біз жастарға осы құндылықты сіңіру жолында еңбек ете береміз. Біздің жеңіс ортақ мақсаттың айқын көрінісі. Балқаштан шыққан жалынды жастар қоғамдағы экологиялық жауапкершілікті арттыруға болашақта да өз үлестерін қосатын болады. Экологиялық сана – ұран емес, күнделікті әрекет. Осы бағыттағы жұмысымыз алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді Елдос Болат.
Айта кетейік, республикалық деңгейдегі бұл жеңіс балқаштық жастардың әлеуеті жоғары екенін және олармен жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айқындай түсті.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



