Балқаштықтар облыс әкімінен Саяқ кентін назардан тыс қалдырмауды сұрады
Балқаш қаласының тұрғындары қала әкімі Сапар Сатаевқа ризашылықтарын білдірді. Тұрғындардың айтуынша, Сапар Қайыркенұлы әкім болған екі жылда Балқаштың бірқатар коммуналдық инфрақұрылымдық мәселелері шешімін тапқан. Бұл туралы балқаштықтар облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесуде мәлімдеді.

Кездесуде қала әкімі тарапына жылы лебіздер айтылды. Жұртшылық Сапар Қайыркенұлының атқарып жатқан жұмыстарына өз ризашылықтарын білдіріп, шаһардың даму қарқынын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, тұрғындар қала әкімінің халықпен әрдайым ашық диалог жүргізіп, өзекті мәселелерді шешуде белсенді екендігін жеткізді.
– Қаламызға Сапар Сатаев мырза келгелі оң өзгерістер орын ала бастады. Халықпен тең сөйлесуі, мұң-мұқтажымызды тыңдап, қаламызды көркейтіп жатқаны көңілімізден шығады. Көп жылдан бері тозып тұрған су құбырлары айырбасталуда. Оған бек қуаныштымыз, – деді қала тұрғыны Ғабит Жақыпов.
Сапар Сатаев Балқаш қаласының әкімі лауазымында 2 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келеді. Балқаш қаласында бірқатар әлеуметтік нысандар жаңартылып, жол жөндеу, абаттандыру және инфрақұрылымды жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Халық үшін жасалып жатқан игі шаралар легі, соның ішінде, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалардың уақытылы жүзеге асуы қала халқының сенімін нығайта түскен.
Қала тұрғыны Ғабит Жақыпов қала әкіміне ризашылығынан бөлек, шешімін күтетін өзекті бірнеше мәселені де алға тартты. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтан Ленин көшесі мен Абай көшесіне бағдаршам қоюға қаражат бөлуді, сондай-ақ, қорғасын зауытының халық денсаулығына зияндығын атап өтіп, сол мәселеге көңіл аударуын сұрады. Сонымен қоса, Саяқ кентінің назардан тыс қалмауын өтінді.
Облыс әкімі қала басшысының бастамалары облыстық деңгейде қолдау табатынын айта келе, Балқаш өңірінің әлеуеті әлі де кеңейе түсетінін жеткізді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА