Балқаштықтар 420 тоннаға жуық қоқыс шығарды
Елімізде бастау алған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Балқаш қаласында жалпыхалықтық сенбілікпен жалғасын тапты. Сенбілік жұмыстарына қала тұрғындары, мемлекеттік мекемелер, білім беру ұйымдары, түрлі кәсіпорындар мен қоғамдық бірлестіктер – жалпы саны 700-ге жуық адам және 50-ден астам ұйым атсалысты. Олар таңғы тоғыздан бастап қала көшелері мен саябақтарын, қоғамдық демалыс орындарын тазартуға шықты. Қатысушылар 1,5 гектар аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазартып, 420 тоннаға жуық қоқыс шығарды. Сонымен қатар 1300-ден астам ағаш отырғызды.

– Биылғы сенбіліктің ерекшелігі – жаппай көгалдандыру шарасы болды. Экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған бұл бастама аясында «Қазақмыс» корпорациясы қалаға 1300-ден астам ағаш көшетін тарту еткен болатын. Оның ішінде 650 қарағаш пен 650 терек көшеті бар. Біздің қаламыздағы осы іс-шараға ат салысқан табиғат жанашырлары көшеттерді Жастар скверіне, сондай-ақ Желтоқсан, Спицин, Абай және Сәтбаев көшелерінің бос жерлеріне отырғызды, – дейді Балқаш қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Дидар Мұратұлы.
Сенбілікке «Қазақмыс» корпорациясының ардагерлері де белсене қатысты. Қолдарына сыпыртқы, күрек пен қап алып, тазалық жұмысына шыққан аға буын өкілдері өскелең ұрпаққа үлгі көрсетті. Ардагерлер кеңесінің бастамасымен сенбілікке 50-ден астам ардагер қатысып, өз қолдарымен қала көшелерін тазартып, ағаш отырғызу жұмыстарына үлес қосты.
– Биыл қаламыздың келбеті жаңарып, тіпті танымай қалатындай дәрежеге жетті. Жаңа алаңдар, балалар ойын алаңдары бой көтерді. Қазір қала тап-таза. Бүгін тазалық жұмысына шыққанда да айналада көзге қоқыс ілінбейді. Бұл – тұрғындардың экологиялық мәдениетінің артқанының дәлелі. Қонақтар келгенде Балқашты көріп, жақсы әсермен қайтсын десек, осындай сенбіліктердің мәні зор, – дейді «Қазақмыс» корпорациясы ардагерлер кеңесінің төрайымы Балжан Уалиева.
Айта кетейік, бұл сенбілік Балқаш тұрғындарының туған қаласына деген жанашырлығын, табиғатты аялауға дайын екенін айқын көрсетті. Балқаш – бәріміздің ортақ үйіміз. Оны таза ұстау – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Сондықтан, мұндай бастамалар тек бір реттік шара болып қалмай, үздіксіз жалғасын табатын болады.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ