Балқаштық ұстаз ТМД бойынша топ-10 мұғалім қатарында
Балқаш қаласының информатика мұғалімі Олеся Клементьева Мәскеуде өткен «ТМД педагогтар лигасы» халықаралық байқауында үздік он педагогтың қатарына кірді. 500 қатысушы финалистердің ішінде жоғары нәтиже көрсетті деп хабарлайды Ortalyq.kz Balhash.fm сайтына сілтеме жасап.

Мәскеуде өткен беделді халықаралық байқауға Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Армения және басқа да ТМД елдерінен барлығы 500-ге жуық педагог қатысты. Қатысушылардың арасынан тек 45 мұғалім ғана финалға жолдама алып, өз әдістемелері мен педагогикалық тәжірибесін қорғады.
Сол финалистердің қатарында болған Олеся Клементьева байқау барысында жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, әділ-қазылар алқасының жоғары бағасын алды. Нәтижесінде ол ТМД елдерінің үздік он педагогының қатарына енді.
Бұл жетістік Балқаш қаласының білім саласы үшін үлкен мәртебе саналады. Мұғалімнің халықаралық деңгейде танылуы – жергілікті ұстаздардың біліктілігі мен кәсіби әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейді.
Жамал АКПАРОВА

