Ақтоғай ауданына қарасты Тораңғалық ауылы бұдан былай Ақтоғайға емес, Балқаштың шекарасына кіреді. Бұған дейін Тораңғалық курорттық ауылын дамытып, туристер үшін жайлы жағдай жасау мәселесі талай көтерілген болатын. Осы мәселені облыстық мәслихаттың депутаттары кезекті сессияда қайта көтеріп, ауылды қаланың шекарасына қосып берді.
– Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы мен Балқаш қаласының әкімшілік-аумақтық құрылысына мынадай өзгеріс енгізілсін: Ақтоғай ауданының Торағалық ауылдық округі жойылсын, кейіннен оның аумағы Балқаш қаласының әкімшілік бағынысына енгізіле отырып, оны есептік деректерден алып тасталсын», – делінген құжатта.
Бұған дейін Балқаш қаласының шекарасын өзгерту мақсатында үкіметтік қаулы шыққан болатын. Бұл қаулы Тораңғалық ауылдық округін Балқаштың шекарасына кіргізу үшін әкімшілік реттеуді шешу мақсатында ұйғарылған. Бүгінгі таңда облыстық экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева жасалуы керек барлық рәсімдер заң жүзінде жүргізілгенін атап өтті.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz