Бүгінде Балқаш көліне қатысты ел алаңы әлі сейілген жоқ. Турасын айтқанда, көлдің жыл сайын жағалаудан шегініп, су көлемінің азаюы халықты уайымдатып отыр. Кезінде «Қашқантеңіз» деген атауға таңырқай қарасақ, бүгін сол Көкше теңіздің өзі расымен, «қашып» бара жатқандай. Көлемі жағынан әлемде 14-орында тұрған, тұщы және тұзды бөліктен тұратын бірегей Балқаш көлі «Аралдың тағдырын қайталамай ма?» деген заңды сұрақ туындайды.

Шығыстан батысқа 600 шақырымға созылған Балқаш – шөлейт аймақта орналасқан тұйық көл. Оның тіршілігі, ең алдымен, Іле өзеніне тәуелді. Көлге құятын судың шамамен 70-80 пайызы осы өзен арқылы келеді. Ал, Іле өзенінің бастауы Қытай Халық Республикасының аумағында жатқандықтан, мәселе экологиямен қатар халықаралық деңгейдегі күрделі түйткілге айналып отыр. Ашық дереккөздерде Қытай тарапы Іле бойында 40-тан астам су қоймасын салып, суармалы егіншілік көлемін жүздеген мың гектарға ұлғайтқаны айтылады. Соның салдарынан Балқашқа келетін су көлемі азайған.
Оған қоса, соңғы жылдардағы қуаңшылық та жағдайды ушықтыра түсті. Табиғат жанашырлары дабыл қағып, мәселені халықаралық деңгейде көтеріп жүргенімен, жауапты органдардың әрекеті қоғамды толық қанағаттандырып отырған жоқ. Балқаш қаласы тұсында көл жағалаудан ондаған қадамға шегініп кеткен. Су тартылса, балық қоры азайып, өңірдің экожүйесіне орны толмас зиян келмек. Егер бұл жалғаса берсе, көлде кеме қатынасы түгілі, көлдің өзі де тарихи естелікке айналуы ғажап емес.

Ашық дереккөзде жарияланған мамандар пікірінше, көлдің тұрақты сақталуы үшін жыл сайын кемінде 12 текше шақырым су келуі қажет. Соңғы 25 жылда қабылданған шешімдер, соның ішінде, Қапшағай су қоймасының толу көлемін шектеу Балқашты белгілі бір деңгейде сақтап қалуға мүмкіндік берді. Алайда, бұл уақытша шешім ғана. Себебі, трансшекаралық өзендерге қатысты түйткіл түбегейлі тарқамады.
Бұл мәселенің маңызын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет атап өтті. Ұлттық Құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзінде Президент су ресурстары тағдыры тікелей дипломатияға байланысты екенін баса айтты.
– Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Бірақ, бұл – тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Демек, көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет, – деді Президент.
Бұл Балқаш мәселесінің де стратегиялық маңызын айқын көрсетеді. Яғни, сақтау – елдің экологиялық қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Сондықтан, Іле өзенінің суын әділ бөлу, ластануға жол бермеу, ғылыми негізделген ұзақмерзімді келісімдерге қол жеткізу – уақыт күттірмейтін міндет.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



