Балқаш

Балқаштық оқушы Мәскеуден жүлдемен оралды

Балқаш қаласындағы Абай атындағы №2 лицейдің 7 «А» сынып оқушысы Мейіржан АЛҒАМЖАНОВ ТМД елдері арасында өткен «Ресей – Қазақстан: шекарасыз ғылым» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясынан жеңіспен оралды.

«Жеңіс Қашқынов – балалар әдебиетіндегі халықтар достығының жыршысы» тақырыбында ғылыми жұмысын абыроймен қорғаған оқушы І орынды жеңіп алды.

Жас ғалым конференцияда қазақ балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі, ақын Жеңіс Қашқыновтың Эстония ақындарынан тәржімалаған бірнеше өлеңдерін талдапты.

Сондай-ақ, оқушы ақынның Қазақстан Жазушылар одағы атынан Грузияда өткен халықаралық балалар әдебиеті күндерінде «Маяковский оқуларына» қатысып келіп, Қазақстанда «Абай оқулары», «Қасым күндерін» өткізу жөнінде алғаш ұсыныс жасағанын тілге тиек еткен.

Мәскеуде өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда облыс мәртебесін асқақтатқан Мейіржанның ғылыми жетекшісі осы лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – Ақерке Балтабай.

Жас ғалым келер жылы Польшада өтетін халықаралық ғылыми сайысқа қатысады.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button