Ресми

Балқашты дамытудың басым бағыттары

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев іс-сапармен Балқаш қаласына барып, шаһардың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жүргізіліп жатқан құрылыстармен танысып, бірқатар нысандарын аралады. Биыл Балқашта кәріз желілерін жөндеуді қолға алу туралы шешім қабылданды. Өйткені, құбырлардың тозығы жеткен. Сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту – Балқашта басым бағытқа ие болып отыр. Себебі, бүгінде қаланың кейбір учаскелерінде коммуналдық желілердің тозуы 80 пайызға дейін жеткен. Жөндеу жұмыстары туралы аймақ басшысы Ермағанбет Қабдулаұлына қаланы аралау барысында баяндалды.

Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым

– Биыл кәріз жүйесін қайта қалыпқа келтіруге конкурс өткізіледі. Бұл – қазір өзекті мәселе. Негізгі коллектордың тозуы 80%-дан асады. Сондықтан, апаттар жиі болып тұрады. Алдағы уақытта байқау өткен соң біз шамамен 6 шақырым кәріз құбырларын ауыстырамыз, – дейді қала әкімі Сапар Сатаев.

Облыс басшысы ФНС-6 тірек кәріз коллекторының жөндеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын тексерді. Онда 1260 метр құбыр жүйесі толығымен ауыстырылмақшы. Жұмыс әлі де жалғасын тауып, қосымша тексеріс жұмыстары атқарылады. Қалада екінші және үшінші кезектегі су желілерін қайта жаңарту жалғасуда. Су құбырларының жалпы ұзындығы – 124,4 шақырым. Қазіргі таңда 24,4 шақырымға жөндеу жұмыстары аяқталған. Биылғы жоспар бойынша 14 шақырым жөнделуі тиіс. Бұл жұмыстарға қаражат бөлініп, жүзеге асырылмақ. Жұмысты жеделдету мақсатында бригадалар бірден төрт учаскеде жұмыс істеп жатыр.

Қала әкімі Сапар Сатаев тұрғындары шыдамдылық танытуға шақырды. Себебі, құбырлар салынып біткенше, аталмыш учаскелердегі жолдар жөнделмейді. Асфальт тек құбырлар толығымен ауыстырылған жерлерге ғана төселеді. Биыл бұл жұмыстар Ағыбай батыр мен Сванқұлов көшелерінде атқарылады.

Балқаштағы жылыту маусымы ресми түрде аяқталып, келесі жылға дайындық басталып кеткен. Бұл туралы облыс әкіміне Балқаш жылу электр орталығына барғанда қала басшысы мәлімдеді. Биыл 25 шақырым жылу желілері ауыстырылады. Оның ішінде 6,4 шақырым магистральдық, ЖЭО-дан шығатын құбырдың 5 шақырымын және 13,8 шақырым орамішілік құбыр жөнделмек. Мұндағы мамандардың айтуынша, Балқаш жылу электр орталығын жаңғыр­ту жоспарлануда, оның жалпы құны 27,2 млрд. теңгені құрайды. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарлануда. Аталған жобаны іске асыру шағын шаһардың жылу жүктемесін жабуға, жылу орталықтарының негізгі және қосалқы жабдықтарын жаңарту есебінен тұтынушыларды жылумен жабдықтау сапасы мен сенімділігін арттыруға, сондай-ақ жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосуға мүмкіндік береді.

Сапар барысында облыс әкімі абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан қала жағалауында да болды. Қала халқы жағалау жағдайына байланысты шағымдарын жеткізген. Соның ішінде, жағалауды абаттандырып, жақсартуды сұраған болатын. Алдағы кезеңде абаттандырылған жағалау қалалықтар үшін және қала қонақтары үшін қаланың символы болмақ. Туризмді дамыту үшін де маңызды. Жағалауды абаттандыру аясында көк, ақшыл көк, ақшыл сары және жасыл түсті резеңке-каучук жабыны бар балалар ойыны және спорт алаңдарын жабдықтау жоспарлануда. Балалардың ойын кешендері әр түрлі жас топтарына арналған. Боялған асфальтбетон жабыны мен велосипед тұрағы бар ені үш метр заманауи велосипед жолы салынбақшы.

Байқағанымыздай бұл жерде бірінші және екінші кезең жұмыс­тары аяқталған. Жағалау аймағы қоқыс пен қамыстан тазартылған. Су құбырлары мен кәріз құбырларын, электрмен жабдықтау желілерін тарту тәмамдалған. Жалпы, атқарылған жұмыстар 16 гектар аумақты қамтыған. Жобаны тапсыру мерзімі – 2025 жылға жоспарланған.

– Абаттандырылған жағалау – бұл инвесторларды, туристер мен демалушыларды тартудың маңызды компоненттерінің бірі. Белсенді жұмыс жасаңыздар, белгіленген кестеден кешікпеу керек! – деді облыс әкімі.

2025 жылға қарай өңірге келетін туристердің санын 4 есеге ұлғайту жоспарланған. Мәселен, туристік аймақ 2022 жылы 67,295 мың адамды қабылдаса, 2025 жылы 170,060 мың адамға қызмет көрсетуге жағдай жасамақ. Жергілікті бюджетке шамамен 180 млн. теңге сомаға салықтар мен төлемдер түседі деп күтілуде. Ал, «Бертіс» шығанағы ауданында салынатын 18 нысанға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу бизнесті кеңейтуге жол ашпақ. Туристік салаға инвесторларды тарту үшін аса маңызды мәселелердің бірі – көлік логистикасы. Барлық санаттағы ұшақтарды қабылдау және әуежайды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін Балқаш қаласы әуежайының жекелеген ғимараттарына реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін 3,5 млрд. теңге сомасына жобалау­-сметалық құжаттамасы әзірленген.

Ермағанбет Бөлекпаев жайлы мектеп пен бес үй салынып жатқан құрылыс алаңдарында болды. Айта кетейік, биыл «Жайлы мектеп» ұлттық бағдарламасы бойынша 900 орындық мектеп салынуда, бұрынғы педучилище ғимараты күрделі жөндеуден өткізіледі. Мердігерлердің алдында бірінші қыркүйекке дейін мектепті аяқтау міндеті тұр. Үш қабатының қабырғасы көтерілген. Алдағы он күнде құрылысшылар шатырды орнатады.

Ермағанбет Бөлекпаев қала басшысы мен мердігерлерге болашақта тұрғындардан шағымдар болмас үшін сапаға көбірек көңіл бөлуді тапсырды.

Бұдан бөлек, Балқаш қаласында пайдаланылуға берілген жаңа емхананың жағдайымен танысты. Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы мен «ЕвроЭкспоцентр» ЖШС арасындағы мемлекеттік жеке әріптестік тетігі бойынша жеке инвестициялар есебінен салынған емхананың мүмкіндігі көп екендігін атады. Емхана бір ауысымда 200 келушіні қабылдайды. Дәрігерлер 20 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді.

Одан әрі облыс басшысы өндіріс ошағына да ат басын бұрды. Мұнда «Қазақмыс» компаниясының әлеуметтік жауапкершілік жоспарларымен танысты. Мәселен, биыл компания мәдениет үйін жөндеуге, ангар үлгісіндегі футбол алаңын салуға және спорт кешенін салуды пысықтауға көмектеседі. Сондай-ақ, жұмыс беруші мен жұмыскердің арасындағы еңбек шартын жасасу барысында қандай мәселелерді ескеру керектігін алға тартты. Еңбек орындарында қызметкердің қауіпсіздігі қатаң қадағалауда болу керектігін атады.

Жұмыс сапары соңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Ақтоғай ауданына қарасты Шашубай кентіне аялдап, 96 отбасыға берілген үйдің жағдайымен таныс­ты. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қорының қаражатына Шашубай кентінде жылдам салынатын әмбебап спорт залы құрылысын көрді. Ауылдық жерлерді дамытуға күш салу керектігін айтты. Шағын және орта бизнесті әлі де дамытып, жергілікті азаматтардың кәсіп ашуына қолдау білдіру қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға бағытталған әлеуметтік даму картасы аясында жұмыс жүргізіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды тапсырды.

Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button