Жақында Наурыз мерекесіне орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде «дін мен дәстүр» бағыты аясында бата беру дәстүрін дәріптеу мақсатында «Батаменен ел көгерер» атты ақсақалдар арасында облыстық бата беру сайысы өтті. 17 үміткер қатысқан байқаудан балқаштық батагөй Ғабидолла Мұхтарұлы бас жүлдені еншілеп қайтты.
Ұлтымыздың ұлы құндылықтарының бірі – бата беру дәстүрін дәріптеу, жаңғырту, кейінгі ұрпаққа үлгі етуді мақсат еткен байқауда қатысушылар есімдері тарихта қалған тұлғалардың баталарын айтып, ұлттық салт-дәстүрлерге байланысты сауалдарға жауап берді. Алғашқы кезеңде батагөйлер өздері жатқа білетін баталарын айтса, сайыстың келесі кезеңінде іріктеуден өткен кісілер арнайы билетте жасырылған тақырыптарды таңдап, бата беріп, бақ сынаған. Ал, шешуші, ақтық кезеңде қазылар алқасының тапсырмасы бойынша бата беріп, өнегелі сөздермен ойын жеткізу талабы қойылған.
– Бата беру дәстүрінің тәлімдік, тәрбиелік маңызы, оның жас ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа, әдептілікке тәрбиелеудегі рөлі ерекше екені айтпаса да түсінікті. Өзім жас күнімнен зерек болдым. Ел ішінде, той-мерекелерде бата беріп, көрген-білгендерімді жастарға айтып отырамын. Жалпы салтымыз бойынша 25 батаны жатқа білемін. Балқаш қаласында өткен жарыста облысқа жолдама алған едім. Облыста бірінші кезеңде үйден дайындап барған батамды бердім. Екінші кезеңде дастарханға, үшінші кезеңде әскерге бара жатқан азаматқа бата беру сынын сүрінбей өттім. Республикаға жолдама алдым. Енді, облыс намысын қорғайтын боламын, – дейді батагөй Ғабидолла Мұхтарұлы.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz