Балқаштың бағын ашатын бренд
Көкжиекпен тілдескен көлін мақтан тұтып, марқаятын Балқаш қаласында үшінші рет Balkhash Tour Fest-2025 фестивалі желкенін керді. Екі күнге жалғасатын фестивальдің ел ішінде де, сыртында да жылдан-жылға танымалдығы артып, мәні мен маңызы тереңдеп келеді. Сондықтан да, фестивальге ұйытқы болғандар мұны бұрынғыдан да ауқымды етуді мақсат тұтып отыр. Ақшағыл аумағындағы жағалауға келушілер биыл бұрын-соңды бастан кешпеген керемет жайларға куә болмақ. Екі күнде Көкше көлдің ғажабы мен жағажайындағы жан жадыратар іс-шаралар талайға дейін тамсандырар туристік турға айналады. Мәселен, былтыр Ақшағылды 30 мыңнан астам адам бетке алып, фестивальдің бел ортасында болса, биыл одан да көп. Қазақстанның барлық аймағынан 50 мыңға жуық адам келіпті.

Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Айсұлу Ерниязова мен «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев келушілерді құттықтап, туризмнің туын көтеріп жүрген Балқаш брендіне тоқталды. Келушілерге жайдары демалыс тіледі. Фестиваль Қарағанды облысы әкімдігінің бастамасымен биыл үшінші мәрте ұйымдастырылғанын атаған жөн.
– Біз осында үшінші жыл қатарынан фестиваль өткізіп келеміз. Орналасуы да ыңғайлы, қала сыртында. Жыл сайын кәсіпкерлерді қолдау артып келеді. Егер өткен жылы 25 сауда нүктесі болса, биыл 90-ға жетті. Фестиваль қарқын алып, бағдарлама толығып, қызықты бола түсуде. Бұл туризмді ілгерілетуге ықпал етеді, – дейді Балқаш әкімі Сапар Сатаев.
Инфотурдың басты мақсаты – өңірдің туристік әлеуетін ілгерілету және фестивальдің танымалдылығын арттыру. Бұл туралы кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская атап өтті. Ол қатысушыларды Қазақстандағы алғашқы «QAZ ELI» онлайн брондау жүйесімен таныстырды. «QAZ ELI» туристік қызметтерді брондаудың алғашқы отандық онлайн-жүйесі. Бұл платформа қонақ үй, пәтер, демалыс орындары, пансионат, экскурсия және көлік қызметтерін онлайн түрде брондауға мүмкіндік береді. Ақпараттық турлар мен аймақтың туристік әлеуетін таныстыратын арнайы таныстырылымдар да жоспарға енгізілген.
Balkhash Tour fest-2025 ұйымдастырушысы Ренат Аламановтың айтуынша, биыл фестиваль аясында алғаш рет алып қазыбургер жасау жарысы өтеді. Салмағы – 100 келі болатын рекордтық бургер қала тұрғындары мен қонақтарына тегін таратылмақ.
– Фестивальге дайындық жұмыстары 3 ай бұрын басталып кетті. Барлығы іс жүзінде жүзеге асуда. Басты сахна, кәсіпкерлердің орны, біздің демеуші дәмханаларымызға арналған орындар жасақталады. Бізде алғаш рет қазы-бургерден жарыс ұйымдастырылмақ. Көлемі 1 м 20 см, салмағы 100 келіні құрайтын қазыбургер жасап, ресми түрде рекорд орнатамыз, – дейді ол.
Фестивальдің ерекшелігі – әр жасқа арналған мазмұнның молдығында. Балаларға – «Көк трактор» шоуы, батуттар, құмнан сарай жасау, дойбы мен шахмат алаңдары, ал ата-аналар мен жастар үшін – отбасылық эстафеталар, шығармашылық конкурстар, қазыбургер жеп жарысу, «Жарқын кросс», ашық аспан астындағы кинотеатр, жергілікті және республикалық жұлдыздардың концерті ұсынылады.
Balkhash Tour Fest-2025 фестивалі аясында балқаштық кәсіпкерлер тек дәмді өнім ұсынып қана қоймай, шынайы әлеуметтік жауапкершілікті де көрсетуде.
Фестивальдің ерекше қонақтары – Балқашта тұратын ерекше күтімді қажет ететін 12 бала –жергілікті кәсіпкерлердің, соның ішінде Daru кофеханасының тәтті сый-сияпаттарын алды. Кәсіпкер балаларға өзінің өнімдерін тегін ұсынды. Мұндай игі істер жергілікті бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін айқын көрсетеді. Бұл – тек кәсіп қана емес, қоғамға деген жанашырлықтың белгісі.
Фестиваль аясында жағалау волейболы, арқан тарту, кір тасын көтеру сынды ұлттық және спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Оған республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, танымал тревел-блогерлер мен туроператорлар қатысуда.
Жағалауда желкенді қайықтар регатасы, бұқаралық жүзу, белсенді ойындар мен турнирлер өтті. Бұл – Балқаштың туризм әлеуетін танытуға бағытталған нақты қадам.
Фестивальдің бірінші күнгі желкенді регатаға алты команда қатысты. Яхтсмендер Алматы, Түркістан облыстарынан, Шымкенттен келді. Балқаш өз командасын таныстырды.
– Балқаш көлі желкенді спорт үшін тамаша су айдыны, мұнда үнемі жел соғады. Регата үшін кеңістік маңызды. Жарысты халықаралық жарыстардың ережелері бойынша өткіземіз, – деп атап өтті ҚР желкенді спорт бойынша мемлекеттік жаттықтырушысы Ерсұлтан Нарбаев.
Balkhash Tour Fest – тек демалыс емес, саналы өмір салтын дәріптейтін алаң. Биыл алғаш рет жастар мен еріктілер форумы, туризм саласы мамандарына арналған семинар, «Екінші өмір» экологиялық акциясы өтеді. Айта кету керек, фестиваль аясында «Бірлік. Идея. Әрекет» республикалық волонтерлер форумы ресми түрде ашылды.
Осылайша фестивальде экология мәселесіне ерекше назар аударылмақ.
– Балалар үшін көл үстіне алғаш рет орнатылған үлкен батут та дайын. Бір уақытта 40 балаға дейін көңілді уақыт өткізе алады. Шара барысында қауіпсіздік бірінші орында – құтқарушылар мен төтенше жағдайлар қызметі тәулік бойы бақылау жүргізеді, – дейді Ренат Аламанов.
Фестивальге қатысу тегін, әрі барлық жағдай қарастырылған. Қауіпсіздік үшін құтқарушылар, дәрігерлер, полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етеді.
Қала тұрғындары мен қонақтардың алаңға жетуін оңтайландыру үшін 20-21 маусым күндері 09:00–00:15 аралығында тегін автобустар қатынайды. Олар «Автостанция – Металлургтер мәдениет үйі – 17 квартал – Ақшағыл (Рембаза)» бағытында жүреді. Аралығы – 5 минут.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»