Балқаштық ардагер дзюдодан ел чемпионы атанды
Алматыда ардагерлер арасында дзюдодан өткен Қазақстан чемпионатында өнер көрсеткен балқаштық Өмірғали Мұхаметжанов ел чемпионы атанды. Ардагер үш қарсыласын еш қиындықсыз жеңіп, Абу-Дабиде өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды.
– 14 жасымнан спортпен шұғылданамын. Әуелі самбодан бастадым. Қазір қарап отырсам, күрестің төрт түрінен норматив орындаппын. Өзімді формада ұстау үшін үнемі жаттығу жасаймын. Жаттықтырушы болғандықтан, әуелі өзім үлгі болуым керек. Алдағы әлем чемпионатына дайындығым жақсы. Ол жақтан да жеңіспен ораламын деп ойлаймын, – деді ардагер.
Сонымен қатар, спортшы тек күрес түрлерінен емес, жүзуден, кір тасын көтеруден алдына жан салмайды. Әрі аталмыш спорт түрлерінен де ел чемпионы атанған. Одан бөлек, белтеміргеде тартылып, стандарттарды еш қиындықсыз орындайды екен.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz