Балқаш

Балқаштық 259 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды

Балқаш қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, қаладағы 259 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап Балқаш қаласында 301 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға ниет білдірген. Сараптама нәтижесінде, 259 отбасыға (1299 адам) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Бұлардың қатарындағы балалардың үлесі – 68,5% немесе 890 адам.

 Жалпы, қала халқының жалпы санына шаққанда, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың үлесі 1,6%-ға тең.

Бұған дейін жазғанымыздай, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төлеудің тетігі өзгереді. АӘК, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға, егер олардың жан басына шаққандағы орташа табысы заңмен белгіленген кедейлік шегінен төмен болған жағдайда төленеді.

Сондай-ақ, мамандардың айтуынша, АӘК-ті шартты және шартсыз көмек түрінде үш айға тағайындау ұсынылады. Бұл АӘК алушылардың өз кірістерін жасырып, теріс пайдалану жағдайларының алдын алса керек. Жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасылар азайып немесе ұлғаюына байланысты, АӘК тағайындау туралы тоқсан сайынғы өтінішпен бірге тағайындалған АӘК мөлшері өзгеруі мүмкін. Ол барлық отбасы мүшелері үшін кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы табыс арасындағы айырмашылық арқылы анықталмақ.

Еңбекке қабілетті адамдарға қойылатын талаптар күшейтіледі, АӘК тағайындаудың негізгі шарттарының бірі еңбек ету және отбасы үшін жауапкершілікте болу. Егер, АӘК-ке мұқтаж отбасының бір мүшесі еңбекке жарамды бола тұра, оны жұмысқа орналастыру мақсатында ұсынылған шаралардан бас тартса, онда оның отбасының барлық мүшелері АӘК құқығынан айырылады.

 АӘК тағайындау барысында учаскелік комиссияның өкілеттілігі күшейтіледі. Учаскелік комиссияның отбасын тұрмыстық-материалдық тұрғыдан тексеру мерзімі 3-тен 7 күнге дейін ұзартылып, оның АӘК ұсынудан бас тарту туралы шешімі заңмен сәйкестендіріледі. Бұл АӘК өмірлік қиын жағдайға тап болған және одан өздігінен шыға алмайтын адамдарға тағайындалуы қажет деген ұстанымды қуаттайды.

 Кәмелетке толмаған 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға немесе күндізгі оқу орындарындағы 23 жасқа дейінгі студенттерге мемлекеттік жәрдемақы төлеу ұсынылады. Бұл жәрдемақы отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде тағайындалады: 4 балаға – 42 500 теңге, 5 балаға – 53125 теңге, 6 балаға – 63750 теңге, 7 және одан да көп балаға – 73375 теңге.

Егер, мұндай жәрдемақыны алатын көпбалалы отбасы аз қамтамасыз етілген отбасы мәртебесінде болса, оған АӘК тағайындалады және мектепке дейінгі жастағы балалары азықтүлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, мектеп оқушылары ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі.

«Жалпы, атаулы әлеуметтік көмектің шартты ақшалай төлемі түріндегі көмегін және «Еңбек» бағдарламасының мүмкіншілігін барынша пайдалану аз қамтамасыз етілген отбасылардың өмір сүру деңгейін жақсартуға көмектеседі» дейді Балқаш қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары.

Қуаныш АМАНҚҰЛ

Басқа материалдар

Back to top button