«БалқашTourfest – 2023»: туризмге темірқазық
Балқаш қаласындағы Ақшағыл кентінде (Рембаза) Көкше теңіздің жағалауындағы «БалқашTourfest – 2023» фестивалі елдің есінде ұзақ уақыт сақталуы тиіс. Екі күнге жалғасқан жағажайдағы жайдарлы сәттер туризмнің тынысын аша түсуге ықпал етсе керек. Мұндай фестивальдің алғаш рет өткенін атаған жөн. Балқаш – еліміздегі ең танымал 10 демалыс орнының қатарында. Бұл – эпидахуалдық үзілістен кейін туристік маусым уақытында ұйымдастырылған тұңғыш ауқымды шара.
Жастардың жігерін жаныған
Қарағанды облысы әкімдігі ұйытқы болған фестиваль белсенді және саламатты өмір салтын насихаттауды ғана емес, қоршаған ортаны қорғау және жергілікті туризмді дамытуды мақсат тұтыпты.
Алдымен «БалқашTourfest – 2023» фестивалінің туы салтанатты түрде көтерілді. Ту көтеруге «Жасыл ел» жасақтары шақырылды. Бұдан кейін Балқаш, Приозерск қаласының, Ақтоғай және Шет аудандарының жастарынан құралған жасылелдіктер өздерін таныстырып, өнерлерін ортаға салды. Туризмді дамыту және насихаттау, сондай-ақ қоршаған табиғатты зерттеуге бағытталған шара маңызын Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ізбасар Шәкенов атап өтті.
– «БалқашTourfest – 2023» фестивалінің мақсаты – туристерді тарту, жастардың шығармашылығына жағдай жасау. Сонымен қатар, белсенді азаматтық ұстанымын, әлеуметтік жауапкершілігін, патриоттық сезімін, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыру. Біз бұл акция жыл сайын жүзеге асса деген өтініш білдіріп отырмыз. Бүгінгі шараға атсалысқан барлық қатысушыларға белсенділігі үшін алғыс айтқым келеді.
Фестивальдің қатысушыларға сыйлаған энергиясын сөзбен жеткізу мүмкін емес, – дейді Ізбасар Өміржанұлы.
Кәсіпкер де қалыс қалмады
Фестиваль аясында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрініс тапты. Мұнда жергілікті кәсіпкерлерге арнайы орындар әзірленген. Кәсіп иелері өз өнімдерін саудалады. Әсіресе, ашық аспан астындағы асханада дайындалған тағамдар көпшілікке ұсынылды. Бағалары да қолжетімді.
Ұлттық сусындардан бөлек, «Тоқырауын» ауыз су өнімдерін өндіретін кәсіпорын жұмысын жандандырған, білікті басшы Зәуре Мерғазықызы айтулы шараға сол күні 3 тонна сусын әкеліпті. Бұдан бөлек жергілікті кәсіпкердің 3 тонна сусынын сатып алып, жүз жылдық мерейтойын Halyk Bank Қазақстан халқымен бірге атап өту дәстүрін жалғастырған «100 игі іс» акциясы аясында Балқаш қаласындағы «Халық Банк» қызметкерлері Halyk Bank QR-коды арқылы төлем қызметін жасағандарға 1 теңгеге сусын сатты. Мүмкіндіктері шектеулі жандардың отыратын орындары әзірленіп, мүгедектігі бар жандарға инватакси қызмет көрсетті.
Дүбірлі дода мен көңілді старт
Мультфильм кейіпкерлері мен жеке ойын-сауық бағдарламасы жағажайдағы бала атаулының көңілін көтерді. Ал жастар жағы «Жастар таза Балқаш үшін» акциясына жұмылды. «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жауынгерлері экологиялық акциядан, спартакиадалардан және тағы да басқа сайыстардан қалыс қалмады. Жағажай волейболы, армреслинг, арқан тарту және «Көңілді старттар» бойынша жағажай драйв турнирлері ұйымдастырылса, жаппай жүзу де жұрттың көңілінен шығып жатты.
Көл үстінде 500 метр қашықтықты бағындыруға шыққан жүзушілердің ең үлкені – 58 жаста, ал, кішісі 13 жаста еді. Белгіленген уақытта мәреге жетіп, шеберліктерін танытқандардың арасында 500 метр қашықтықты бағындыру оңай болған жоқ. Жарыс мәресіне бірінші болып жеткен Батырхан Болатбеков сайысқа дайындықпен келгендігін жеткізді. Бүгінде Алматы қаласында әскери академияда оқитын Батырхан жарысқа қатысу үшін бір ай көлемінде жаттығу жасаған. Шашубай кентінде және «Ақ теңіз» бассейнінде шыныққан көрінеді. Сонымен қатар, жүзу жарысында Олег Никитин екінші орынға, Жанәли Жұмағазыұлы үшінші орынға тұрақтады. Әйелдер мен ерлер командалары арасында жағажай волейболынан өткен дода тартысты өрбіді. Әйелдер арасында «Қарағанды» командасы I орынды, «№1 мектеп» командасы II орынды, «Метеор» командасы III орынды еншіледі.
Ерлердің арасында I орынды «Эверест» командасы, II орынды «Феникс» командасы, III орынды «Бірлік» командасы иеленді. Кір тасын көтеру сайысында 65 келі салмақта 16 келілік қос кір тасын 38 рет көтерген Ерасыл Алиев, 75 келіде 101 рет көтерген Қобыланды Жақыпов чемпион атанды. Сондай-ақ, қос 24 келіні 40 рет көтерген Дмитрий Ким I орын тұғырына көтерілді. Қол күресте 65 келіде Ернат Қайсарұлы, 75 келіде Нұрлан Әділов, 85 келіде Ислам Майхы, 95 келіде Евгений Моськин жеңімпаз атанды.
Сонымен қатар, жасылелдіктер арасында өткен жағалау волейболында Ақтоғай ауданының «Бектауата» командасы I орынды, Балқаштың «Тоқырауын» командасы II орынды, Шет ауданының «Беғазы» командасы III орынды иемденді. Арқан тартыстан балқаштық «Тоқырауын» командасы I орынды, ақтоғайлық «Бектауата» командасы II орынды және «Ошағанды» командасы III орынды қанжығалады. Секіртпемен секіру бойынша Ақтоғай ауданы «Бектауата» командасының мүшесі Ақмарал Аманоллақызы I орынды, приозерскілік «Қоржынтүбек» командасының өкілі Әсия Орақ II орынды, Шашубай кентінің «Желтау» командасының мүшесі Аида Даниярқызы III орынды еншіледі. Қол күрестен I орынға «Беғазы» командасы, II орынға «Ақсораң» командасы, III орынға «Қоржынтүбек» командасы тұрақтады.
Жағажайдағы жарқын сәттер
Көкше теңіздің жағасындағы жарқын сәттерден алған жастардың әсері мол.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді түлетуге тапсырма берді. Осы бағытта Балқаштағы жиын жаңа қадамдарға бастайды деп ойлаймын. Біз Приозерск қаласынан келіп тұрмыз. «Қоржынтүбек» және «Тораңғалық» атты екі команда болып қаламыздың намысын қорғап жатырмыз. Алған әсерім ерекше. Айта кету керек, қазір «Жасыл ел» жасағы тек жұмыс жасап қана қоймай, түрлі іс-шараларға да атсалысуда. Мәселен, жуырда еңбек жасағының сарбаздарына нашақорлықтың алдын алу үшін синтетикалық есірткінің зияны мен шомылу маусымындағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді, – дейді Приозерск қаласы «Жасыл ел» жасағының мүшесі Айдос Қанатбайұлы.
«БалқашTourfest – 2023» фестивалі әсем әндерімен, ерекше ойын-сауық бағдарламаларымен көпшілік көңілін көтерді. Көбікті кеш және DJ Timson, DJ Nikita Filatov, «Всему свое время» рок тобы, «Клиент» Рок тобы, Дана Букетова, Қазақстан эстрадасының мега танымал орындаушысы Kalifarniya, рэп орындаушылар – Дәулет Дүйсембаев, Ержігіт Иманмұса, Азат Алтынбеков және Антон Павлов салған ән тыңдарманды тамсантты. Заманауи би ансамбльдері – «GRAND», «REALIZE» көше би клубы, «TIMUR`S TEAM» көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. «Energy» жаттығу нұсқаушылары, йога жаттығуларының қыр-сырына қанықтырған Әсел Мәмедова жиналғандарға спорт адамның рухани әлемінің бір бөлігі екендігін ұғындырды.
Тобықтай түйін
Мамандардың мәлімдеуінше, бәтуалы басқосулар мен келелі кеңестер өткен шежірелі шаһар енді Қазақстанның туризмін жаңа деңгейге көтермек. Өйткені, облыстың алдағы жылдардағы негізгі даму бағыты осы саламен үндесіп жатыр. Бұл ретте, өңір басшылығы туризм саласында ірі жобаларды қолға алмақ ниетте. Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаевтың айтуынша, «Балқаш Tour Fest» туризмнің дамуына және аймақтың сұлулығына назар аударуға ықпал етіп қана қоймайды. Сонымен қатар, көл экологиясын қорғаудың маңызды тетігі және жастарды табиғатты қорғауға белсенді қатысуға шақырады. Фестивальді жыл сайын өткізу дәстүрге айналмақшы.
Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz