Балқаш қаласында қазақтың біртуар халық ақыны Шашубай Қошқарбаев мұрасын дәріптеуге арналған «Жыр дүлдүлі» атты І облыстық жас ақындар айтысы өтті. Өнер додасы Наурыз мейрамы аясындағы «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнімен» сабақтасып, мазмұнын тереңдете түсті. Аталған шығармашылық жоба Қарағанды облысы білім басқармасының «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен және қалалық Балалар өнер мектебінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.

Жыр сайысына өңірдің білім беру ұйымдарынан іріктелген 15 оқушы қатысты. Атап айтқанда, Балқаш қаласынан 12, Бұқар жырау ауданынан 2, Саяқ кентінен 1 жас айтыскер бақ сынады. Сахна шымылдығы түрілген сәттен-ақ зал іші ерекше толқынысқа бөленді. Алғаш болып айтыс алаңына көтерілген Саяжан Тайтөлеува мен Кәусар Әзілдің сөз қағысы көрерменді бірден баурап, жыр додасының көрігін қыздырды. Суырыпсалмалық шеберлігін анық аңғартқан Кәусардың ұтқыр жауаптары мен өткір ойлары қарсыласынан басым түсіп, көпшілік ықыласына ие болды. Осылайша басталған айтыс кеші ұлттық өнердің өміршеңдігін айшықтай түсті. Сайыс барысында жас ақындар тек суырыпсалмалық қабілеттерін ғана емес, терең ойлау, сөз саптау мәдениеті, тапқырлық пен сахналық шеберлік тұрғысынан да жоғары деңгей көрсетті. Әрбір айтыс – көрермен үшін ой мен сезімнің тоғысқан ерекше көрінісіне айналды. Айтыстың қызған шағында Айдын Жарылқасын мен Нұрлы Нұрланқызының қыз бен жігіт айтысы сахнаға өзгеше реңк беріп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал, Бұқар жырау ауданынан келген Қуаныш Төлеуқазы мен Мерейхан Кәріғұлдың айтысы әсерлі әзіл, ұтымды теңеулерге толы болды. Әсіресе, Қуаныштың қарсыласына қарата айтқан «қоянның ұстап алған көжегіндей» деген қағытпасы жұртшылықты күлкіге қарық қылды.
Қазылар алқасының құрамында тәжірибелі мамандар мен кәсіби ақындардың болуы бағалау үдерісінің әділдігін қамтамасыз етті. Олар қатысушылардың мазмұндық тереңдігіне, тіл көркемдігіне, сахналық мәдениетіне жоғары баға берді.
Айтыс қорытындысы бойынша Абай атындағы №2 мектеп-лицейінің оқушысы Айдын Жарылқасын Бас жүлдені иеленді. Бірінші орынды Төлеуқазы Қуаныш пен Әзіл Кәусар жеңіп алса, екінші орынды Мерейхан Кәріғұл, үшінші орынды Нұрлы Темірбек еншіледі.
Жеңімпаздарға Балқаш қаласының білім бөлімі атынан қазақтың қасиетті қара домбырасы тарту етіліп, барлық қатысушылар арнайы сертификаттармен марапатталды.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ




