АймақБалқаш

Балқашта жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді

Балқаш қаласында Ақ­тоғай күніне орай өңірдегі спорт саласын дамыту­ға бағытталған бірқатар ау­қымды шаралар өтті. Со­лардың аса маңыздысы – Металлург стадионы аумағында жаңа көпфункционалды спорт залының ашылуы. Бұл заманауи нысан – «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің демеушілігі және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асқан, әлеуметтік мәні зор жоба.

Сурет автордан

Биіктігі 12 метр, жалпы аумағы 1320 шаршы метрді қамтитын жаңа спорт залында қазақ күресімен бірге дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі және самбо секілді түрлі күрес түрлерімен кәсіби деңгейде шұғылдануға мүмкіндік бар. Кең әрі жарық ғимарат халықаралық талаптарға сай жабдықталып, жаттығулар мен әртүрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге толықтай бейімделген.

– Қазақ күресі – халқымыздың батырлық рухын, намысы мен жігерін ұрпаққа жеткізетін ұлттық мұра. Ашылған жаңа зал бұл өнерді дамытуға жаңа серпін беріп, ұлттық спортты қала жастары арасында кеңінен насихаттауға жол ашады. Мұнда 400-ге жуық жас спортшы жүйелі түрде жаттығуға мүмкіндік алады. Сонымен бірге, нысан алдағы уақытта қалалық және өңірлік жарыстардың негізгі орталығына айналмақ, – деді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.

Жоба аясында спорт залын салуға және оны заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге 200 млн теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл қаражат ғимаратты тұрғызу, оны толық жабдықтау және барлық санаттағы тұрғындар үшін қолжетімді әрі инклюзивті орта қалыптастыруға бағытталды. Жобаның бастамашысы – «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, ал, «Қазақстан халқына» қоры негізгі серіктес ретінде қатысып, қаржыландыру мен іске асыруда маңызды рөл атқарды.

Айта кетейік, балалар мен жасөспірімдер үшін тұрақты және тегін спорт секциялары қарастырылған. Бұл Балқаш жастарының спортпен жүйелі түрде айналысуына, дене шынықтыру мәдениетін қалыптастыруға және болашақ чемпиондардың шығуына мүмкіндік береді. Жақын уақыттарда жаңа зал базасында түрлі деңгейдегі жарыстар мен спорттық-мәдени шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button