АймақБалқаш

Балқашта жаңа білім орталығы ашылды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Балқаш қаласында Қосымша білім беру инновациялық орталығының салтанатты ашылуы өтті. Ашылу рәсіміне Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев қатысып, мұндай инновациялық орталықтың шағын қала үшін маңыз­дылығына ерекше тоқталды. Қала басшысы өз сөзінде балалардың заманауи білім мен технологияларды меңгеруі – өңірдің болашағына салынған инвестиция екенін атап өтіп, қосымша білім беру ұйымдарының жастардың әлеуетін ашудағы рөлін жоғары ­бағалады.

Сурет автордан

Мамандардың мәлімдеуінше, бүгінде Балқаш қаласында қосымша білім беретін екі ұйым жұмыс істейді. Барлығы 3629 оқушыны қамтиды. Бұл мектеп оқушыларының жалпы санының 33 пайызын ғана құрайды екен. Осыған байланысты, балаларды қосымша біліммен қамтуды арттыру мақсатында жаңа инновациялық орталықты ашу қажеттілігі туындаған көрінеді.

– Инновациялық орталықтың негізгі мақсаты – техникалық мамандықтарды насихаттау, оқушыларды IT-технологиялармен кеңінен қамту және ерте кәсіби бағдар беру. Күрделі жөндеуден өткен ғимаратта балаларға ақпараттық-телекоммуникация­лық технологиялар саласында заманауи әрі сұранысқа ие білім мен дағдыларды меңгеруге барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, орталықта оқушылардың қабілеттерін анықтау, қолдау және дамыту, математикалық және ақпараттық сауаттылығын арттыру жолға қойылған. Оқу кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Бұл оқыту үдерісінде дәстүрлі әдістерді жоғары технологиялармен ұштас­тыруға мүмкіндік береді, – деді Балқаш қалалық білім бөлімінің басшысы Қарлығаш Дүбірбекова.

Нысанды аралаған қонақтар Hi-tech цехта оқушылардың станоктарда жұмыс істеуін, дәнекерлеу және күйдіру жұмыс­тарын тамашалады. Сондай-ақ, буфетте Балқаш технология және сервис колледжімен жасалған ынтымақтастық меморандумы аясында оқушылардың қатысуымен тәтті тағамдар дайындау бойынша шеберлік сабағы өтті. Екінші қабаттағы «Лаунж­-зонада» «Стоп-кадр» балалар телестудиясының жаңалықтар түсірілімі, буккроссинг аймағы көрсетілді.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button