Балқашта туристік полиция қызметі күшейтілуде
Соңғы жылдары Балқаш қаласы еліміздегі туристік өңірдің біріне айналды. Көл жағалауындағы демалыс аймақтары, табиғи көрікті жерлер мен инфрақұрылымның дамуы қалаға келушілердің санын жыл сайын арттырып отыр. Осыған байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, туристерге қолайлы орта қалыптастыру және қаланың оң имиджін нығайту мәселесі күн тәртібінде тұр. Аталған бағыттағы жұмыстардың барысы жөнінде Балқаш қаласы полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Айткен Кадринмен сұхбаттасқан едік.

Балқашта туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қонақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы туристік полиция қызметі құрылған. Аталған бағдарлама аясында Балқаш қалалық полиция бөлімінде конкурс жарияланып, қызметке лайықты мамандар іріктеліп алынуда.
Айткен Армияұлының айтуынша, бүгінде Балқаш қаласы полиция бөлімінде 236 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 36-сы арнайы жедел қимылдайтын жасақтың қызметкерлері. Қала аумағында 4 учаскелік полиция пункті жұмыс істейді. Сонымен қатар, Шұбартүбек елді мекенінде полиция посты орнатылған. Биыл дәл осындай посты Тораңғалық демалыс аймағына орнату жоспарлануда. Аталған посттар екі қызметкерге арналған, жуыну бөлмесімен, салқындатқышпен және әжетханамен толық қамтамасыз етілген.
– Балқаш – туристік қала болғандықтан, туристік полиция қызметкерлерінің саны әлі де жеткіліксіз. Қазіргі таңда қалада 17 туристік полиция қызметкері жұмыс істейді. Кадр тапшылығына байланысты жаз айларында облыстан қосымша 15 туристік полиция қызметкері шақырылды. Бүгінде туристік полиция құрамында 42 бос орын бар. Оның 1-еуі сержанттық, ал 41-і офицерлік лауазым. Осыған байланысты полиция басшылығы аталған қызметке балқаштық жастарды шақырамыз, – дейді Айткен Армияұлы.
Балқаштың бас полициясының мәлімдеуінше, туристік полицияның негізгі міндеті – қалаға келген туристер мен қонақтарға бағыт-бағдар беру, қажетті ақпараттармен қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау. Бұдан бөлек, шетелдік туристер мен инвесторлардың елімізде өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуіне жағдай жасау – туристік полиция қызметінің маңызды бағыты. Туристік полиция қызметкерлері заманауи бейнетіркеуіштермен, планшеттермен және рациялармен жабдықталады. Олар мемлекеттік тілді жетік меңгерумен қатар, орыс және ағылшын тілдерін білуі, еліміздің тарихынан хабардар болуы тиіс. Сонымен бірге, адамдармен тез тіл табыса білетін, кез келген жағдайға жедел әрекет етуге дайын болуы қажет.
Айта кетерлігі, полиция қызметіне қабылдану үшін үміткердің жасы 18 бен 35 жас аралығында болуы керек. Үміткерде жоғары немесе арнаулы орта заңгерлік не педагогикалық білім болуы шарт. Ер азаматтардың бойы 170 сантиметрден, ал әйелдердің бойы 160 сантиметрден төмен болмауы тиіс. Сондай-ақ, ер азаматтар үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери қызмет өткерген болуы талап етіледі. Қызметке орналасу барысында үміткерлер құжат жинау және тексеру, әскери-дәрігерлік комиссиядан өту, полиграфологиялық зерттеу, дене дайындығы бойынша нормативтерді орындау сияқты бірнеше кезеңнен өтеді. Барлық талаптарды сәтті орындаған азаматтар конкурстық комиссияның әңгімелесуіне жіберіледі.
Полиция қызметкерлеріне лайықты жалақы, тұрғын үйді жалға алу ақысының төленуі, қызметтік көлік пен нысанды киіммен қамтамасыз ету, тегін оқу және медициналық қызмет, мансаптық өсу мүмкіндігі, әлеуметтік қамсыздандыру, балаларын балабақшаға кезексіз орналастыру, 48 жасында зейнетке шығу сияқты бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Бұл жағдайлар полицейлердің тұрмыстық мәселеге алаңдамай, ел тыныштығы жолында адал қызмет етуіне мүмкіндік береді.
– Полицияда қызмет ету – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан, қиындықтан қашпайтын, жігерлі, елін сүйетін азаматтар бізге әрдайым қажет, – дейді полиция полковнигі Айткен Кадрин.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



