Балқашта су құбырлары толығымен жаңартылуда. Екі жыл ішінде 124 шақырым құбыр ауыстырылған. Биыл ұзындығы 43 шақырымды құрайтын су құбырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімі Ермағамбет Бөлекпаев Балқаш қаласына іс сапармен барып, тозығы жеткен су құбырларын көріп қайтты.
Бұған дейін қала тұрғындары тарапынан су қысымының төмендігін айтып шағымданған. Осы мәселе бойынша биыл тиісті жұмыстар жүргізілді. Келер жылы да жөндеу жұмыстары жалғасатын болады. Сонымен қатар, қала тұрғындарын қосымша сумен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылуда.
– Абаттандыру жұмыстарын созбау қажет. Су құбыры желілерін ауыстырғаннан кейін, бірден жолдарды жөндеуге кірісу қажет. Қазіргі уақытта сыртқы су құбыры мен кәріз жұмыстары аяқталған. Электрмен жабдықтау желілері орнатылуда.
Айта кетейік, Балқашта жылыту маусымы басталды. Қала тұрғындарының үйлеріне жылу 3 қазаннан бастап беріле бастаған. Биыл ұзындығы 18 шақырым болатын жылу желісі ауыстырылады деп күтілуде.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz