Балқашта орталық алаңды жөндеу жұмыстары басталды
Балқашта “Тәуелсіздік” алаңын жөндеу жұмыстары қайта басталды. Бір жылдан астам мердігер мен әкімдік арасындағы сот дауларының кесірінен нысандағы жөндеу жұмыстары аяқсыз қалған болатын. Өткен жылдың қыркүйек айында әкімдік мердігермен келісімшартты біржақты бұзып, сотқа шағым түсірген. Сот отырысы Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында өтті.
– 2021 жылдың 25 маусымындағы мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша «Лидер Строй Групп» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Келісім-шартқа сәйкес Балқаш қаласындағы “Тәуелсіздік” алаңын абаттандыру бойынша жұмыстарды жүргізуге міндеттеме қабылданды. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру бюджеттік бағдарламасы бойынша 733 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Міндеттемелерді орындаудың соңғы мерзімі 2023 жылдың қыркүйегіне белгіленді. Қазіргі уақытта келісім-шарттың жалпы сомасынан «Лидер Строй Групп» ЖШС 382 миллион теңгеден астам жұмысты аяқтады. 2023 жылдың 12 шілдесінде өз міндеттемелерін орындамауына байланысты мемлекеттік сатып алу туралы шарт біржақты тәртіппен бұзылды. «Лидер Строй Групп» ЖШС 176 миллион теңгеден астам сомаға жобалық емес материалды асыра бағалап, пайдаланған», – деп хабарлады Балқаш қаласының әкімдігі.
«Балқаш қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ Қарағанды облысының экономикалық сотына мердігерден жергілікті бюджетке 176 350 722 теңге өндіру туралы талап арызбен жүгінген. Сот талқылауы барысында сот құрылыс-экономикалық сараптама тағайындады.
– Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2024 жылғы 25 сәуірде «Лидер Строй Групп» ЖШС-нен 175 243 446 теңге және 5 257 303 теңге мемлекеттік баж өндіру туралы шешім шығарған болатын. Мердігер ұйымның берген апелляциялық шағымы қанағаттандырылған жоқ, – деп хабарлады қала әкімдігі.
Жеке сот орындаушылар палатасына серіктестіктен түскен қаражатты жергілікті бюджетке қайтару туралы хат жолданып, сот процесі аяқталғаннан кейін “Тәуелсіздік” алаңын абаттандыру жұмыстары қайта жанданған. Қазір жаңа мердігер ұйым тастөсемдер мен темірбетон плиталарын, бордюрлерді, газон қоршау құрылымдарын қалыпқа келтіруде. Жоспарда қолданыстағы субұрқақты жөндеу, шағын архитектуралық пішіндерді орнату, жарықтандыру, электр сымдарын, 35 кВ-қа дейінгі кабельдерді ауыстыру, шам бағаналарды орнату бар. Сондай-ақ алаңда перголалар мен 50 орындық амфитеатр болуы керек. Жұмысты «Еңбек» ЖШС жүргізуде.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.