Балқашта Мағауия мұрасы дәріптелді
Балқаш қаласы биылғы күзді күмбірлеген күймен қарсы алды. Қала төріндегі М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында шертпе күй өнерінің біртуар өкілі, Қазақстанның халық әртісі Мағауия Хамзиннің шығармашылығына арналған республикалық ашық күйшілер байқауы өтті.
«Күй – құдірет» деп аталған бұл өнер додасы – ұлттық рухты ұлықтаған, күйді қадірлеген, өнерпазды демеген айтулы шара ретінде ел есінде қалды. Қазақтың шертпе күй дәстүрін жаңа биікке көтерген дара тұлғаның рухына тағзым ретінде ұйымдастырылған байқау – күй әлемінің жауһарларын жаңғыртқан шоқтығы биік өнер мерекесіне айналды.

– Мағауия Хамзиннің күйлерінде терең философия, дала болмысы, ұлттық мінез бен өмірдің өзекті сәттері айқын көрініс табады. Оның әр күйі – бір шежіре, әр иірімі – сырлы хикая. Сондықтан да ол тек күйші емес, рухани кемел тұлға ретінде ел есінде. «Күй – құдірет» байқауы – тек өнер сайысы ғана емес, ұлттық рухтың, ұлт болмысының жалғастығын көрсеткен тағылымды шара. Осындай ауқымды жиындар арқылы күй өнерінің тамыры тереңдеп, келешек буынға асыл мұра ретінде табысталып отыр, – күйші, мағауиятанушы Манап Анықбеков.
Күй додасына еліміздің әр өңірінен – Жамбыл облысы, Астана, Алматы және Қарағанды қалаларынан 14 үміткер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Жас домбырашылардың бәрі де күйдің құдіретін жүрекпен сезінетін, өнерді өміріне серік еткен дарын иелері екенін байқатты. Әділқазылар алқасы орындаушылық шеберлікті, репертуар таңдауын, күйдің мазмұнын жеткізу мәнерін және сахна мәдениетін ескере отырып, үздіктерді анықтады.
Байқаудың қорытындысы бойынша байқау дипломанты атағы К.Бәйсейітова атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің студенті Нұрғиса Миязовке, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің студенті Қадыр Жұмабекке, П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледж студенті Тәттімбет Әбілжанға табысталды (50мың теңге ақшалай сыйлық). Жүлделі үшінші орынды Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің студенті Ақжан Қали және Қосшы қаласының мәдениет үйінің қызметкері Мейрам Айтмағанбетов иеленсе (70 мың теңге ақшалай сыйлық), жүлделі екінші орын Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің студенттері Әлия Құрмашқызы мен Нұрмұхамед Жақановқа бұйырды (100 мың теңге ақшалай сыйлық). Байқаудың жүлделі бірінші орыны Тілендиев атындағы Мемлекеттік Академиялық фольклорлыэтнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің өнерпазы Сырым Шонбаев иеленсе (150 мың теңге ақшалай сыйлық) Байқаудың Бас жүлдесі А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернатының оқушысы Нұрәли Саятқа табысталды (200 мың теңге ақшалай сыйлық).
Айта кетейік, Мағауия Хамзин – қазақтың күй әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған дара тұлға. Ол – Тәттімбеттен бастау алатын Арқа шертпесінің өрісін кеңейтіп, дәстүрлі күйді академиялық деңгейге көтерген санаулы саңлақтардың бірі. Оның шеберлігі – күйді жеке орындап қана қоймай, оркестрлік орындауда да жоғары деңгейге жеткізуінде. Домбыраны оркестрмен сөйлету арқылы ұлттық өнерге жаңаша тыныс берген жаңашыл композитор болатын.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ