АймақБалқаш

Балқашта Крещение күні қауіпсіздік күшейеді

19 қаңтар күні православ христиандардың «Крещения Господня» діни мерекесіне орай Балқаш қаласында дәстүрлі суға шомылу рәсімі өтеді. Бұл күні қала тұрғындары мен қонақтары Балқаш көлінің мұзын ойып, қасиетті суға түсу арқылы «сумен тазару» жоралғысын орындайды. Осыған байланысты Балқаш қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы, ішкі істер бөлімі және Святитель Николай шіркеуінің өкілдері журналистерге арналған баспасөз мәслихатын өткізіп, қауіпсіздік шаралары туралы жан-жақты ақпарат берді.

Суреттер автордан

Балқаш қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Еламан Жақсылықтың айтуынша, көл үстінде суға түсуге арналған орын алдын ала дайындалған. Мұздың қалыңдығы 32 сантиметрді құрайды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 15 төтенше жағдайлар қызметкері мен үш арнайы техника жұмылдырылған. Ерлер мен әйелдерге арналған екі жылы шатыр орнатылған.

– Жабдықталмаған жерлерде суға түсу өте қауіпті. Абайсызда мұз астына түсіп кету қаупі бар. Сондай-ақ, жүрек-қан тамырлары ауруы бар адамдарға мұздай суға түсуге болмайды. Суға түсер алдында жеңіл дене жаттығуларын жасап, өзіңізбен бірге таймайтын аяқ киім, сүлгі, құрғақ киім, жылы шұлық және ыстық шай құйылған термос алып келу қажет, – деді Еламан Жақсылық.

Төтенше жағдайлар қызметі өкілдері су ішінде 10–20 секундтан артық болмауға кеңес береді. Балқаш қаласындағы Святитель Николай шіркеуінің (Қарағанды және Шахтинск епархиясы) басшысы Виктор Мунтянның айтуынша, мерекеге дайындық жұмыстары алдын ала жүргізілген. Сүңгу орындары тексеріліп, мұздың қалыңдығы өлшенген. Қоғамдық тәртіпті полиция қызметкерлері, құтқарушылар, дәрігерлер мен еріктілер қадағалайды. Сонымен қатар, шомылу кезінде қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар тұрғындар арасында таратылған.

– Суды дұғалап тазарту рәсімі үшін көлде арнайы орын белгіленді. Рәсім таңғы сағат 10:00-де басталып, түнгі 12:00-ге дейін жалғасады, – деді Виктор Мунтян.

Ал, Балқаш қалалық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Бауыржан Амангелдин тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Ол көл бетіне көлікпен шығуға, алкогольдік ішімдік ішуге қатаң тыйым салынатынын ескертті.

Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button